Отбасы құқығын қорғайтын заңгер өз әйеліне зорлық көрсеткен
Жетісу облысында тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған Отбасын қолдау орталығының қызметкері сотталды, деп хабарлайды 24KZ.
Жетісу облысының прокуратурасы азаматтардың құқықтарын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамдарды жауапқа тарту бағытындағы жұмысты жалғастырып жатыр.
Қаратал аудандық соты тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған азаматқа қатысты қылмыстық істі қарады.
Тергеу мәліметінше, құқық бұзушылық жасалған кезде ол отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адамдарға көмек көрсететін «Жанұя» Отбасын қолдау орталығында заңгер болып жұмыс істеген. Алайда жәбірленушілердің құқықтарын қорғаумен айналысқанына қарамастан, өз жұбайына қатысты заңға қайшы әрекет жасаған.
Сот талқылауы барысында Қаратал ауданы прокуратурасының мемлекеттік айыптаушысы оның кінәсін толық дәлелдеді. Сот үкімімен кінәліге 200 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындалды. Үкім заңды күшіне енді, - деп мәлімдеді Жетісу облысы прокуратурасы.
Прокуратура тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол берілмейтінін және мұндай әрекеттер үшін заңнамада жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. Жәбірленушілердің құқықтарын қорғау және заңдылықты қамтамасыз ету прокуратура органдарының тұрақты бақылауында.