Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық цифрландырылады
Елде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы кезең-кезеңімен цифрландырылады. Әр үйге ақылды есептегіштер орнатылып, коммуналдық ресурстарды тұтыну туралы деректер автоматты түрде жиналмақ.
Бұл мәліметтер тұрғын үй көмегін тағайындау ісін де жеңілдетпек. Ауқымды бастама ұлттық жоба аясында жүзеге асырылады.
Елдегі коммуналдық есеп пен оған қатысты ақпараттың барлығын «Смарт тұрмыс» атты цифрлық жүйеге біріктіру көзделіп отыр. Бұл деректер базасына ақпаратты ақылды есептегіш құралы жеткізбек. Яғни ол электр қуаты, жылу, су және газды тұтыну көрсеткішін автоматты түрде цифрлық платформаға жіберіп отырады. Демек тұрғындарға ай сайын есептегіш мәліметін қолмен енгізудің қажеті болмайды. Ал коммуналдық кәсіпорын нақты тұтыну көлемін қашықтан көреді.
Қуат Хасенов, «Қазақстан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ Цифрлық интеграция департаментінің директоры:
- Президент өз Жолдауында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту, цифрландыру және заманауи технологияларды енгізу басым бағыт екенін атап өтті. Осы міндеттерді іске асыру мақсатында «Смарт тұрмыс» біріңғай платформа әзірленіп жатыр. Бұл – саланы толық басқаруға арналған біріңғай цифрлық жүйе. Түпкі мақсатымыз – цифрлық технологиялардың көмегімен ТҮКШ саласының жұмысын жақсартып, әрбір тұрғынға көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру.
Мұндай жүйе есептеудегі қателікті азайтып, ресурстың қай учаскеде жоғалып жатқанын анықтауға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ тұтыну көлемі туралы мәліметтерді талдау арқылы коммуналдық қызметті басқару жеңілдейді. Ал тұрғын үшін басты өзгерістің бірі – нақты пайдаланған ресурсына сай ақы төлеу.
Мөлдір Құлтанбаева, МИБ төрағасы:
- «Смарт тұрмыс» ашықтық. Иә, бірақ мұның тиімді, тиімсіздігін бүкіл Қазақстанға енгізген кезде ғана айта аламыз. Себебі мен білмеймін, басқа қалаларда қандай жүйе барын. Қызылорда, Өскемен, Семей. Мегаполис емес қалаларда қалай жасалып жатқанын білмеймін. Төлемдер қалай іске асып жатқанын біз білмейміз. Мүмкін бұлар су арнасына бөлек, жылуға бөлек төлейді. Қызылордада тұрғында сөйтетінбіз. Қазір Астанада ондай емес.
Жоба алдағы үш жылға жоспарланған. Құжатта коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, есепке алу құралдарын енгізу және энергия өндіруден бастап тұтынуға дейінгі процестерді цифрландыру көзделген. Ақылды есептегіштерді енгізу де осы жұмыстың бір бөлігі. Жаңа жүйе арқылы коммуналдық ресурстардың нақты тұтыну көлемін бақылау, деректерді талдау және есеп жүргізу автоматтандырылмақ.
Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- ТҮКШ саласын автоматтандыру мен цифрландыру бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бірыңғай төлем құжаты енгізілді. Қазір 38 қалада, 170 ауданда, 4000-нан астам ауылда қолжетімді. Сонымен қатар цифрландыру оның ішінде нысандарды автоматтандыру және есепке алу құралдарын орнату жұмыстары жүргізілуде.
Кәмшат Мұхамеджан, тілші:
- Жоба тек елорда емес, елдің барлық өңірін қамтиды. Ал оның тұрғындарға қаншалықты тиімді болатыны жүйе толық іске қосылып, нақты нәтижесі көрінгеннен кейін бағаланбақ.