Көтерме бағадан сөреге дейін: базардағы сауда цифрлық бақылауға көшеді
Қазақстандағы 600-ге жуық базарға «Сауда хаб» цифрлық платформасын енгізу жоспарланып отыр. Жүйе базар әкімшілігі мен кәсіпкерлер арасындағы келісімшарттарды электронды форматқа көшіріп, сауда орындарының жалдау ақысы мен тауар айналымын бақылауға мүмкіндік береді. Бұл жалдау құнының негізсіз өсуіне жол бермеуге және саудадағы ашықтықты арттыруға бағытталған. Жоба туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аппарат басшысы Нұрбек Нәлқожа 24KZ телеарнасының «Экономика» бағдарламасында айтты.
Базарларды цифрландырудың басты мақсаты – әкімшілік пен саудагер арасындағы қарым-қатынасты ашық ету. Қазір кейбір сауда орындарында жалдау ақысы жылына бірнеше рет көтерілетін жағдайлар кездеседі. Ал жаңа жүйе келісімшарт талаптарын тіркеп, жалдау құнының өзгерісін бақылауға мүмкіндік береді.
Пилоттық жүйеде Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, «Сауда хаб» деген цифрлық платформаны жүзеге асырып жатырмыз. Бұл – базарларды цифрландыру жүйесіне енгізу. Мұнда тек жалға берушілердің емес, жалға алушы кәсіпкерлердің де мүддесі қорғалады. Екі тарап келісімшартқа қол қойған кезде оның талаптары тіркеледі. Мәселен, жалдау ақысының өзгеруіне қатысты шектеулер қарастырылады. Өйткені жалдау құны көтерілсе, бұл басқа тауарлардың бағасына да әсер етуі мүмкін, – деді Нұрбек Нәлқожа.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов елдегі 600-ге жуық базарды цифрландыруды тапсырған. Платформа кәсіпкерлер мен базар әкімшілігіне тегін ұсынылмақ. Жобаны қараша айының соңында Астанадағы базарлардың бірінде сынақтан өткізу жоспарланған. Кейін оны өзге өңірлерге кезең-кезеңімен енгізу көзделіп отыр.
Жүйе тауардың көтерме саудадан бөлшек саудаға дейінгі қозғалысын да бақылауға мүмкіндік береді. Мысалы, кәсіпкердің картопты көтерме саудагерден қандай бағамен сатып алғаны және тұтынушыға қаншаға сатқанын салыстыруға болады. Бұл тауар бағасының өсу себептерін талдауға және саудадағы үстеме бағаны бақылауға көмектеседі.
Базарларды цифрландырумен қатар шағын және орта бизнеске арналған өзге де жобалар қолға алынған. Соның бірі – Business Go платформасы. Биыл маусым айында іске қосылған жүйеге 20 мыңнан астам кәсіпкер тіркелген. Ол кәсіпкерлердің цифрлық сауатын арттыруға, тауар есебін жүргізуге және сауда үдерістерін цифрландыруға бағытталған.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрт цифрлық жобаны жүзеге асырып жатыр. Соның бірі – Business Go. Маусымның 15-інен бастап жұмыс істеп келе жатқан жүйеге 20 мыңнан астам кәсіпкер тіркелді. Негізгі мақсат – өңірлердегі кәсіпкерлердің цифрландыру жөніндегі білімін жетілдіру. Оның ішінде фискалдық есеп пен тауар санын есепке алу мәселелері де қамтылған, – деді Нұрбек Нәлқожа.
Ал «Шебер» жобасы ауылдағы қолөнершілерге өнімдерін нарыққа шығаруға көмектеседі. Бастама әзірге Алматы қаласы мен Алматы облысында жүзеге асырылып жатыр. Алдағы уақытта оны басқа өңірлерге де тарату жоспарланған.
Мамандардың пікірінше, мұндай цифрлық шешімдер сауда үдерісін жеңілдетіп қана қоймай, тауар айналымын есепке алуға, көлеңкелі экономиканы азайтуға және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға ықпал етеді. Негізгі міндет – сауда саласында ашық әрі бәсекеге қабілетті орта қалыптастыру.