Теміржол өткеліндегі темірдей тәртіп
«Қауіпсіз өткел» акциясы қарқын алды. Өйткені теміржол өткелдерінде темірдей тәртіп керек. Бірақ жүгенсіз жүргізушілер өзінің де, өзгенің де өмірін қатерге тігеді.
Сондықтан құзырлы орган мамандары жол ережесін қатаң сақтауға шақырады. Себебі жүйткіген пойыз құрамы бірден тоқтай алмайды.
«Жаман айтпай, жақсы жоқ». Тоқтау белгісі жанып, шлагбаум жабылғаннан кейін теміржолды асығыс кесіп өтем деп, өмірден өтіп кету қаупі зор. Бірақ жол қателікті де, есерлікті де кешірмейді.
Төленді Шапшекеев, Астана жол дистанциясының басшысы:
- 2023 жылы 20 ақпанда Шортанды ауданында тіркелген. Минивен көлігі 6 жолаушысы бар бағдаршамның қызыл жануына және шлагбаумның түсіп тұруына қарамастан, тұрған машиналардың барлығын айналып өтіп, жол өткелінде пойызбен соқтығысты. Салдарынан 3 адам оқиға орнында қаза тапты. 3 адам түрлі жарақатпен жергілікті емханаға жеткізілген болатын.
Жол ережесін елемеу жыл басынан бері жиілеген. 22 дерек тіркелді. 10 жағдайда пойыз шұғыл тежеліп, 2 көлікпен соқтығысқан. Ел аузында лесозавод аталатын мына аймақ та қауіпті саналады. Тарам-тарам теміржолды өндіріс пен үйлер бөліп тұр. Көлік те ығы-жығы. Жалпы қалада бұндай 29 өткел болса, тек 17-сіне кезекшілер бөлінген. Бірақ бағдаршамға да, басқаға да бейғамдар бар.
Мамандар ай сайын «қауіпсіз өткел» акциясын өткізіп жатыр. Қатер қас-қағым сәтте екенін еске салады. Кешірілмейтін өкінішке душар болғаннан гөрі, діттеген жерге кешігіп жеткен дұрыс,-дейді.
Теміржолды білесіз. 60-70 вагон тіркеп келе жатқанда оның тоқтауы кемінде 600-700 метрге барып бір-ақ тоқтайды. Экстренно тоқтағанның өзінде. Сол үшін сіздің амандықтарыңыз, отбасыларыңызға аман-есен оралуыңыз біздің мақсатымыз сол.
Авторлары: Нысаналы Ығыл, Мейрам Жүнісов