ШҚО-да қауіпті тау жолдары бақылауға алынды

Шығыс Қазақстан облысында мамандар республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының таулы учаскелеріндегі қауіпсіздік жағдайын тексеруге кірісті, деп хабарлайды 24KZ.

Олар тау жыныстарының опырылу қаупі бар жол бөліктерін анықтап, картаға түсіріп, арнайы белгілер орнатады. Жуырда «Өскемен – Қатонқарағай» автожолының бір бөлігін ондаған тонна топырақ пен тау жыныстары басып қалған еді. Қазір арнайы комиссия оқиғаның себеп-салдарын анықтап жатыр.

Тау жыныстары «Өскемен – Алтай – Рахман қайнары» автожолының бір бөлігін басып қалған. Қазір оқиға болған аумақ қоршауға алынып, көлік қозғалысының қауіпсіздігі қамтамасыз етілуде. Оқиғаның нақты себебін жол қызметтерінің инженерлері анықтап жатыр. Алдын ала болжам бойынша, бұған ауа райының құбылуы себеп болған. Ауа температурасының өзгеруінен мұздықтар еріп, тау жыныстарының тұрақтылығы бұзылады. Соның салдарынан опырылған жартастар жолға құлайды.

Қазір мамандар қауіпті аумақтарды жан-жақты зерттеп жатыр. Дрондардың көмегімен алынған мәліметтер картаға енгізіледі. Жиналған ақпараттар қауіпсіздік шараларын күшейту үшін аудан әкімдіктеріне жолданады.

Ақтілек Жәмиев, № 30 жол пайдалану учаскесінің бас инженері:

– Осы учаскеде Төтенше жағдайлар департаменті мен «Қазселденқорғау» өкілдерінің қатысуымен визуалды тексеру жүргізілді. Тастардың автокөлік жолына құлауын болдырмау мақсатында бетондау жұмыстарын жүргізу және қорғаныш торлы қоршау орнату мүмкіндігі қарастырылуда.

Шығыс Қазақстан облысының құтқару қызметі жүргізушілерді таулы жолдарда абай болуға шақырады. 15 қарашадан бастап өңірде қар көшкіні қаупі күшейді. Сонымен қатар таулы аймақтарда жартастардан тас құлау қаупі артады. Облыс бойынша жалпы ұзындығы 93 шақырым жол қар көшкіні қаупі бар аймаққа жатады. Бұл жерлер «Қазселденқорғау» мамандарының тұрақты бақылауында. Қардың қалыңдығын анықтау үшін жол бойына 160-тан астам арнайы белгілер орнатылған.

Марина Лискова, ЩҚО ТЖД баспасөз хатшысы:

– Қар көшкіні көбіне қар қалың түсетін таулы аймақтарда жүреді. Бұған қардың ұзақ уақыт жаууы, тез еруі және ауа температурасының күрт өзгеруі себеп болуы мүмкін.

Сенбі, жексенбі күндері таулы аймақтардағы демалыс орындарына үш мыңнан астам адам келеді. Осыған байланысты шаңғы маусымы қызған шақта қала сыртындағы жолдарда қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Сондай-ақ жол қызметтері мен құтқарушылардың кезекші бригадаларының да саны артады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дмитрий Пыхтин

Сондай-ақ оқыңыз: