Ақтөбеде кәріз тазарту кешенінің құрылысы басталды
Ақтөбеде кәріз суын тазартатын кешен құрылысы басталды. Қалдық суды қабылдайтын қазіргі станцияның әбден тозығы жеткен. Мамандар нысан құрал-жабдықтарының 70 пайызы ескіргенін айтады.
Сондықтан жаңа кешен салу мәселесі бірнеше жыл бойы талқыланып келді.
Қаланың кәріз суы жиналатын тазарту станциясы 1981 жылы салынған. Қазір сүзгілер мен лай жинау жүйесі, тұнба алаңдары әбден ескіріп біткен. Сол себепті жаңа станцияда қалдық суды сүзгілеу тәртібіне ерекше көңіл бөлінбек.
Нағымжан Алдияров, «Aqtоbe Su-Energy group» АҚ бас директоры:
- Станция қазір екі - механикалық және биологиялық, екі тазарту болатын болса, жаңасы қазір төрт деңгейлі тазартудан өтеді. Айналып келгенде соны шығатын судың балық шаруашылғына қолданылады. Өзен суына да қолданылады. Техникалык су. Қосымша қолдануға болатын деңгейге жеткізілетін болады.
Қолданыстағы кешен тәулігіне 70 мың текшеметр кәріз суын қабылдаса, жаңа станция 130 мың текшеметр қалдықты сүзгіден өткізе алады. Сонымен қатар тұнбаларда түзелетін биологиялық газдан да электр энергиясын өндіру жоспарланған. Қала үшін аса маңызды нысанның құрылысын шетелдік компания атқарады. Жоба 53,5 млрд теңгеге бағаланған.
Асхат Шахаров, облыс әкімі:
- Еуропалық банк арқылы біз каржыны алдық. Болашақта 90 пайызы республикалық бюджеттен, 10 пайызын жергілікті бюджеттен жабатын боламыз. Жоба өте маңызды. Енді қанша жылдан бері осы жобаны біз іске асырамыз деп жоспарладық. Бүгін міне құрылыс-монтаж жұмыстарын бастадық. Екі жылдың ішінде осы жобаны ыждағаттап осы жоба іске асырылады.
Қазір кешеннің негізгі алаңдары қазылып, іргетасы қаланып жатыр. Ауқымды құрылыс жұмыстарына жүзден астам техника және 350 маман жұмылдырылады. Кәріз суын тазартатын кешен жоспар бойынша 2028 жылдың мамыр айында қолданысқа беріледі.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов