Семейде IT-стартаптар экожүйесі дамып келеді
Семейде Digital Abai – 2026 өңірлік форумы өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған шараға IT саласының өкілдері, кәсіпкерлер мен жас мамандар қатысты. Форум барысында IT саласын дамыту, жасанды интеллектіні енгізу және жергілікті стартаптарды қолдау мәселелері талқыланды. Сонымен қатар отандық технологиялық жобалар таныстырылып, жаңа цифрлық шешімдер көпшілік назарына ұсынылды.
Форумға IT-компания өкілдері, кәсіпкерлер, бағдарламашылар мен студенттер қатысты. TECH EXPO көрмесінде цифрлық өнімдер мен Абай облысының жаңа стартап жобалары таныстырылды. Сондай-ақ өңірдегі IT саласын дамыту мәселелері талқыланды.
Берік Уәли, Абай облысының әкімі:
– Президентіміздің бастамасымен 2026 жыл Цифрландыру жылы болып жарияланды. Абай облысында цифрлық инфрақұрылымды дамытуға және заманауи технологияларды енгізуге басымдық беріліп отыр. Бүгінде облыстың интернет желісімен қамтылу деңгейі 80 пайызды құрайды. Бұл көрсеткішті арттыру және шалғай елді мекендерге сапалы байланысты жеткізу үшін бірқатар ірі жоба жүзеге асырылып келеді.
Әнет Тұрсынжан, Astana Hub филиалының Семей қаласы бойынша директоры:
– Біз Даму қорының Семей қаласындағы филиалымен меморандумға қол қойдық. Бұл меморандум не үшін бізге керек десеңіздер, бізде жас стартаперлар, бағдарламашылар өте көп, оларда өте көптеген жобалар бар.
Форумға қатысқан жас IT-мамандар өздерінің тың жобасын таныстырды. Солардың бірі – отандық такси қызметін дамытуды мақсат еткен Мадияр Советoв.
Мадияр Советов, студент:
– Менің «Жол» жобамның ерекшелігі: біріншіден, компьютерден тапсырыс беруге болады; екіншіден, телефонға, iPhone және Android жүйелеріне арналған нұсқаларының бәрі дайын. Тағы да екі картаны қолданамын.
Форум соңында облыс әкімі Берік Уәли сала үздіктерін «Цифрландыру саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттап, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табыстады.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Мәди Базарбеков