Оралда ботаникалық бақ ашылды

Алма мен жүзімнің жүздеген түрін өсіріп, халықаралық экспериментальды бақтың негізін қалаған оралдық бағбан енді ботаникалық бақтың құрылысын қолға алды.

Бұл бақта сирек кездесетін ағаштар жерсіндіріледі. Жоғары оқу орындарының ғалымдарымен бірлескен  түрлі ғылыми жұмыстар жүргізіледі. Әрі тұрғындар да қалаған уақытында осында келіп серуендеп, тыныға алады.

Орал қаласында тұрғындар сейілдейтін, тынығатын, бос уақытын табиғат аясында тиімді өткізетін жаңа демалыс орны пайда болды. Бүгін ашылған ботаникалық бақтың жалпы аумағы 13 гектарды алып жатыр. Бақтың басты байлығы ағаш десек, келешекте мұнда 10 мың түп сирек кездесетін ағаш отырғызу жоспарланған. Ал әзірге баққа 2 мың түп көшет егіліпті.

Есенжанов және Шолохов көшелерінің қиылысында орналасқан ботаникалық бақта қазір келушілер орталығы мен жылыжай, теректерді суаратын тоған салынған. Абаттандыру жұмыстары әлі жүріп жатыр. Шетен, жөке, үйеңкі, қайың, емен ағаштары мен құбаталдың 50 түрі егілген.

Қайрат Кәрімов, бағбан:

- Саябақтан ерекшелігі бұл - ғылыми мекеме. Әр теректің өз паспорты бар, қалай өсті, өзін қалай көрсетті, қайдан алынды, бәрі жазылып түрады. Ерекшелігі сол қазір ауа райы өзгеріп жатыр барлық жерде бәріміз білеміз, сондықтан бізде интродукция дейді, мұнда өсімдікті алып келеміз, зерттейміз, біздің ауа райымызда, біздің жерімізде өсімдіктер өзін көрсететінін, сондай ғылыми жұмыстар жүріп жатыр.

Келешекте қаланы көгалдандыруда, жасыл желек қорын жаңартуда ботаникалық бақтың ұсыныстары ескерілмек. Себебі ағаштың түр-түрі осы жерде сынақтан өтеді. Бақта ерекше коллекциялар да жиналған. Мысалы, мамыргүлдің 200-дей түрі қазір құтыда өсіп жатыр.

Роза Өмірзақова, ботаникалық бақтың бас агрономы:

- Ағаштарға фенологиялық бақылау жасаймыз. Біздің ортада өзін қалай ұстайтынын зерттейміз. Содан барып коммуналдық кәсіпорындар мен бизнес өкілдеріне өз ұсынысымызды береміз. Бізде сәндік алмалардың коллекциясы бар және құтыда өсіріп жатқанымызға 4 жыл өтті. Мамыргүлдердің ірі әлемдік коллекциясы бар. Болашақта ол жаңа сортарын шығаруға негіз бола алады. Ондай коллекция Қазақстанда еш жерде жоқ.

Ботаникалық бақта ғылыми конференциялар, семинарлар өткізуге де жағдай жасалған. Ерлі-зайыпты бағбандар келешекте бұл жерді оралдықтардың ең сүйікті тынығу орнына айналдырмақ. Бүгін келгендер өздерінің зор әсер алғандарын айтады.

Сәуле Сәрсенғалиева, қала тұрғыны:

- Жақсыны көрмекке деп келдік. Өте ұнады. Тыныш, әдемі орын екен. Қазір саябақтарға барсаң айқай-шу музыка, түрлі аттракциондар, сауда дүңгіршектері көңілді бөледі ғой. Мында табиғат аясында өзіңмен-өзің оңашада демаласың. Осындай ботаникалық бақ қалаға керек. Енді осы бақтың жұмыстарын толық аяқтау үшін әрине көп қаржы керектігі даусыз. Осы тұрғыда қалталы кәсіпкерлерді бағбандарға көмектесуге шақырамын. Бұл жоба ең алдымен жастарға, олардың дамуы үшін қажет.

Ботаникалық бақ қаладағы жоғары оқу орындарымен де әріптестік орнатқан. Осы жерде бүгінде аграрлық университет студенттері тәжірибеден өтуде.

Авторлары: Ерденбек Жылқайдарұлы, Болат Жарылғасов, Эльдар Аюпов