Компьютерлік ойынды нарыққа шығаруға қолдау бар
Компьютерлік ойын құрайтындар озайын деп тұр. Елде алғаш рет дәл осы сала мамандарына қолдау көрсетіледі. Бағдарламаға қатысу үшін дайын команда болуы міндетті емес.
Бастысы - жаңа идея керек. Қалғанын бағдарлама аясында түзуге болады. Бұл отандық мамандардың жобасын әлемдік нарыққа шығаруға жол ашып отыр.
Компьютерлік ойын құрау енді жай ғана ермек емес. Бұл тұрақты әрі мол табыс көзіне айналады. Елде мұндай өнім әзірлеушілерге қолдау көрсетілгелі жатыр. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, алғаш рет арнайы бағдарлама іске қосылады. Оны Астана хаб жүзеге асырады. Бағдарламаға қатысу үшін дайын команданың болуы міндетті емес. Ең бастысы - жаңа жоба әзірлеу идеясы болса, жеткілікті. Әрі қарай мамандар цифрлық жүйені терең меңгеру, команда құру, бизнеске көшу және өнімді әлемдік нарыққа дейін шығаруға жетелейді.
Анарбек Өтеғұлов, Astana Hub технологиялық орталықтар кеңсесінің директоры:
- GameDev және IT саласындағы көптеген талантты маман өз жобаларын іске қоспайды, себебі команда таба алмайды немесе ойын идеясын нақты өнімге қалай айналдыру керектігін білмейді. «GamePreneurs 2026» дәл осы кедергіні азайту үшін құрылған. Бағдарлама қатысушыларға идеядан MVP-ге дейінгі жолды жүріп өтуге, өнімді нақты пайдаланушылармен тестілеуге және оны баспагерлерге ұсынуға көмектеседі.
Бағдарлама екі кезеңді қамтиды
Жаңа идея авторлары бағдарламаға тегін қатыса алады. Алғашқы кезеңде қатысушылар өзара командаларға бірігіп, шамамен бір ай бойы ойын жобасын пысықтайды және кәсіпкерлік тетіктерімен танысады. Кейін 12 аптаға дейін созылатын негізгі кезеңде командалар нарық пен аудиторияны зерттейді. Соған қарай жобаны әзірлейді. Бағдарлама негізінде қатысушылар арнайы сессиялар мен шеберлік сабақтарына қатысады. Сонымен қатар командалар Astana Hub-тың инфрақұрылымын толық пайдалана алады. Финалистер өз жобаларын Demo Day аясында инвесторлар мен ойын баспагерлеріне ұсынады. Осы арқылы әлемдік ойын нарығында отандық өнімдерді көбейту көзделіп отыр. Бағдарламаға қатысу үшін өтінімдер осы айдың соңына дейін қабылданады.
ІТ өнімдер экспорты артты
Қазірдің өзінде ІТ саласындағы түрлі өнімдеріміз экспортқа шығарылып жатыр. Шетелден сұраныс бәсеңдеген жоқ. Керісінше, артып келеді. Былтыр экспорт көлемі 1 млрд АҚШ долларынан асты. Бұл бес жыл бұрынғы көрсеткіштен бес есе көп. Өнімдер әрісі Америкаға, берісі Еуропа, Таяу Шығыс және Орталық Азияға сатылады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Деректерді өңдеу орталығының алқабы» жобасы қолға алынды. Соның негізінде 10 млрд доллар инвестиция тартылады. Бұл қаражат есебінен жалпы қуаты кемінде 300 МВт болатын жасанды интеллектке арналған деректерді өңдеу орталықтары салынады.
Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:
- Бірлескен бастамаларды жүзеге асыру еліміздің есептеу әлеуетін нығайтуға, экономиканың түрлі салаларында жасанды интеллектіні енгізуді жеделдетуге және отандық әзірлеушілер, ғылыми зерттеулер мен технологиялық стартаптар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға жағдай жасайды. «Data Center Valley жобасы жаһандық технологиялық компанияларды тартуға, жергілікті құзыреттерді дамытуға және экспортқа бағытталған цифрлық сервистерді қалыптастыруға арналған маңызды платформаға айналуы тиіс.
Жаңа бастамалар - жаңа жұмыс орындары
Бір ғана Астана хабтың өзіне 2 мыңнан астам компания шоғырланған. Солардың төрттен бірі шетелдіктерге тиесілі. Стартап жобаларға 900 млн доллар инвестиция тартылып, 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. ІТ саласы үшін біздің елдегі талап тиімді. Өйткені стартап жобаларға кепілдік пен салықтық жеңілдіктер қарастырылған.