Түнгі уақытта балаларын бақыламаған 480 ата-ана жауапқа тартылды

POLISIA.KZ

Полиция Астана, Шымкент қалалары мен Абай облысында нүктелік жұмыстар жүргізді. Іс-шара барысында түн мезгілінде балаларының жүрген жерін бақылауды қамтамасыз етпеген 480-нен астам ата-ана жауапқа тартылды, деп хабарлайды «24KZ» Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Рейдтердің басты мақсаты - кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және балаларға қарсы жасалатын қылмыстардың жолын кесу.

Полицейлер түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүрген жасөспірімдерді анықтауға ерекше назар аударды. Мұндай тексерулер балаларға қарсы жасалуы мүмкін құқық бұзушылықтардың уақтылы алдын алуға бағытталған.

Сонымен қатар, полиция кәмелетке толмағандарға алкоголь және темекі өнімдерін сатуға тыйым салынғанын қатаң тексерді. Аталған ережені бұзған 28 кәсіпкер жауапкершілікке тартылды.

ІІМ бұл жұмыстың ерте профилактика аясында жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Мәселені уақытында көріп, оны нақты шешу маңызды — сонда ғана құқық бұзушылықтың алдын алып, баланың амандығын сақтай аламыз, - деді полиция өкілдері.

Сондай-ақ ведомство ата-аналарға балалардың түнде қайда жүргенін, кіммен қарым-қатынас жасайтынын және бос уақытын қалай өткізетінін қатаң бақылауда ұстау қажеттігін еске салды.

Полиция нүктелік рейдтерді жалғастырып, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бойынша қажетті шараларды қабылдай беретінін мәлімдеді. Егер ойын-сауық орындарында кәмелетке толмаған бала қараусыз жүрсе, ата-анасына бірден 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Осындай жағдай жыл ішінде қайталанса - 7 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан ІІМ жасөспірімдерге үндеу жасап, әлеуметтік желілерде қауіпсіздік ережелерін сақтауға және қауіп төндіруі мүмкін жеке ақпаратты жарияламауға шақырған болатын.