Қазақстан мен Түркия арасындағы рейстер саны екі есеге жуық артады
Қазақстан мен Түркия тікелей әуе рейстерінің санын арттыру туралы келісімге келді, деп хабарлайды 24KZ ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Тараптар азаматтық авиация саласындағы өзара түсіністік туралы жаңа меморандумға қол қойды. Келісімге сәйкес, негізгі бағыттар бойынша екі елдің әуе компанияларына рұқсат етілген рейстер саны аптасына 76-дан 138 рейске дейін ұлғайтылды.
Бұл өзгерістер мына бағыттарға қатысты:
· Стамбул – Астана;
· Стамбул – Алматы;
· Стамбул – Шымкент;
· Анкара – Астана;
· Анкара – Алматы.
Сонымен қатар Анталья мен Бодрумнан Қазақстан қалаларына орындалатын рейстер саны аптасына 44-тен 86 рейске дейін көбейеді.
Осылайша, аталған бағыттар бойынша жалпы рұқсат етілген рейстер саны аптасына 120-дан 224 рейске дейін артады.
Бұдан бөлек, басқа бағыттардың барлығында екі елдің әуе компанияларына аптасына 14 рейске дейін орындауға мүмкіндік берілді. Бұл тікелей әуе қатынасын кеңейтіп, өңірлік байланысты дамытуға жағдай жасайды.
Сондай-ақ тараптар үшінші елдерге тасымалдауды жүзеге асыру мақсатында әуе еркіндігінің бесінші дәрежесін пайдалана отырып, екі тарапқа да аптасына 76-ға дейін жүк рейсін орындау туралы уағдаласты.