Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты үкімге апелляциялық шағым түсті

фото: kz.kursiv.media

Атырауда төрт адамды өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот үкіміне апелляциялық шағым түсті, деп хабарлайды 24KZ.

«Сот кабинеті» жүйесіндегі мәліметке сәйкес, шағым 2026 жылғы 29 шілдеде түскен. Оны Сұлтан Сәрсемәлиевтің өзі емес, сот үкімі шыққаннан кейін жекеше қаулы шығарылған мекемелердің бірі берген.

Атырау облыстық сотының мәліметінше, Сәрсемәлиевтің өзі әзірге апелляциялық алқаға шағым түсірмеген.

Еске салайық, 14 шілдеде Атырауда төрт адамды қасақана өлтірген Сұлтан Сәрсемәлиев өмір бойына бас бостандығынан айырылған болатын. Алайда сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Қылмыстақ іс бойынша не белгілі?

2025 жылы Сәрсемәлиев алдымен қайын ағасы Наурыз Мұқанғалиевті, кейін бұрынғы қайын атасы мен енесін, одан соң қайын апасы Мейрамгүл Қарабалинаны өлтірген. Төрт адамның да мәйітін жасырған. Кейін марқұмдардың атынан хабарламалар жазып, олардың мүлкін иемденген.

Қанды қылмыстан кейін Сәрсемәлиев бұрынғы әйелімен бірге елден қашып кеткен. Олар Индонезияда Интерпол желісі бойынша ұсталып, кейін Қазақстанға қайтарылды.

Сотта оның 2025 жылдың мамыры мен желтоқсаны аралығында төрт адамды қасақана өлтіргені толық дәлелденді. Ол осы қылмыстары үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды.