ІІМ тасжолдағы қате салынған айыппұлдар автоматты түрде жойылатынын мәлімдеді

Фото: depositphotos.com

Қазақстан Ішкі істер министрлігі ақпараттық жүйедегі техникалық ақау салдарынан қате қалыптастырылған нұсқамаларға қатысты жағдайды түсіндірді, деп хабарлайды 24KZ.

13-14 тамыз аралығында Бас прокуратураның ЕРАП ақпараттық жүйесінде құқық бұзушылық туралы нұсқамаларды автоматты түрде қалыптастыру кезінде техникалық ақау болған.

Соның салдарынан орташа жылдамдықты арттыру бойынша жасалған құқық бұзушылықтардың бір бөлігі қате түрде лезде белгіленген жылдамдықты арттыру ретінде рәсімделген.

Қазір ІІМ техникалық ақаудың салдарын жою бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Қате қалыптастырылған барлық нұсқамалар анықталды. Олар автоматты түрде жойылады.

ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденовтің айтуынша, жүргізушілерге полицияға жүгініп, айыппұлдың қате салынғанын дәлелдеудің қажеті жоқ.

Ешқайда барудың, полицияға жүгінудің немесе дәлелдеудің қажеті жоқ. Қате қалыптастырылған барлық нұсқама анықталды және олар автоматты түрде жойылады. Тағы да атап өтеміз: мәселе тек тасжолдарда аталған техникалық ақаудың салдарынан қате рәсімделген айыппұлдар туралы болып отыр, – деді Мұрат Қабденов.

Ал қате салынған айыппұлды бұған дейін төлеп қойған жүргізушілерге қаражатты қайтару тетігі әзірленіп жатыр.