Атырау облысында лотос фестивалі өтті

Өңір туризмін дамытуға арналған ауқымды іс-шара биыл екінші рет ұйымдастырылды. Құрманғазы ауданының Теңіз ауылына баратын туристер саны жыл сайын артып келеді.

Өзге өңірлерде кездеспейтін лотос гүлін тамашалауға ағылған жұрттың қарасы қалың. Фестивальдің алғашқы күнінде 30 мыңға тарта адам жиналып, мерекелік іс-шараны тамашалады. Айдын бетін абат баққа бөлеген лотос гүлі Қиғаш өзенінің 5 гектарын алып жатыр. Ғажайып көркімен, хош иісімен баурайтін гүлдердің әсемдігіне көз тоймайды. Тұңғиық гүлі деп аталатын осы өсімдік соңғы жылдары туристердің назарын аударған.

Берік Есенғалиев, турист:

- Туризмді дамытуға өте жақсы мүмкіндік. Бұл жерге жақсы траптар жасаған, келіп тамашалауға қайықтар да ұйымдастырылған. Жалпы табиғатпен оңаша қалып, тамашалап кетуге керемет жер.

Динара Егізбаева, турист:

- Біздің Атырау облысында орналасқан Құрманғазы ауданындағы өте көрнекті жерлеріміздің бірі. Туризмді дамытуға үлкен үлесін қосады деген ойдамын.

Фестиваль аясында киіз үйлер тігіліп, қолөнер жәрмеңкесі, фотоаймақтар ұйымдастырылды. Сондай-ақ марафон өткізіліп, 94 адам 3 шақырымды жүгіріп өтті. 

Абат Жанғалиев, Құрманғазы ауданының әкімі:

- Франция және Қытай елінен келген туристер бар. Бүгінгі таңда тіркелген қайық 200-ге жуық қайық тіркеліп, барлығы қауіпсіздік тренингінен өткізіліп, лотос гүлін тамашалауға келген туристерді сол лотос гүлін тамашалауға тасымалдайды. 

Туристік маусымның ашылуына 30 мыңнан астам адам жиналды. Фестиваль аясында өткізілген гала-концертте жергілікті өнерпаздар мен эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов