Құрылтай сайлауына дайындық пысықталды

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров «Open Almaty» бірыңғай 109 байланыс орталығының жұмысымен танысты. 

Колл-орталық азаматтарды ақпараттандыру жұмысымен айналысады. Яғни сайлау процесіне қатысты мәселелер бойынша жедел ақпарат беретін арнайы желі ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар сайлау учаскесін Жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы анықтайтын онлайн-сервис және Telegram-бот қызметтері қарастырылған. Осы арналар арқылы бүгінге дейін шамамен 133 мың тұрғын көмекке жүгінген. Орталық сайлау комиссиясының өкілдері қаладағы жауапты мемлекеттік орган мамандарымен де кездесіп, сайлау учаскелеріндегі қауіпсіздік пен қолайлы жағдай жасау мәселесін пысықтады. Қажет жағдайда салқындатқыш құрылғылармен қамтамасыз ету ұсынылды. Алматыда 9 аумақтық және 670 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Олардың бәрі талапқа сай жабдықталған.

Нұрлан Әбдіров, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Сайлау — бұл процесс. Бұл жерде заңды бұзуға болмайды. Сол себепті біз ең бастысы заң мен тәртіп қағидатын басшылыққа алып, бүгін дайындап жатқан сайлауымыздың таза, ашық әрі әділ өтуіне барлық күшімізді салуымыз керек. Сол себепті мен айта аламын: Алматы қаласы дайын.