Мектеп формасы: ата-аналарға қандай жағдайда 21 мың теңге айыппұл салынады

Фото: ЖИ арқылы жасалған

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова мектеп формасына қойылатын талаптар сақталмаған жағдайда баланы сабаққа кіргізбеуге бола ма деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды 24KZ.

Ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ата-аналар мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті екенін айтты.

«Білім туралы» заңға сәйкес, балаларды оқу процесінен алаңдатуға жол берілмейді. Бала сапалы білім алуға құқылы. Сондықтан баланы мектепке кіргізбеуге болмайды, – деді бірінші вице-министр.

Сонымен қатар ол ата-аналардың да өз міндеттері барын атап өтті.

Оның айтуынша, «Білім туралы» заңның 47-бабында білім алушылардың құқықтары мен міндеттері, ал 49-бабында ата-аналардың міндеттері белгіленген.

Мектеп формасына қойылатын талаптарды білім беру ұйымы қамқоршылық кеңесі және ата-аналар қауымдастығымен бірлесіп бекітеді.

Шынар Ақпарованың түсіндіруінше, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 409-бабына сәйкес, талапты алғаш рет бұзған жағдайда ата-анаға ескерту жасалады.

Ал бір жыл ішінде қайталап бұзған жағдайда 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. 2026 жылы бұл 21 625 теңгені құрайды.