Жаңаөзенде ауызсу мәселесі шешілді
Жаңаөзен мен шаһарға іргелес жатқан ауылдарда ауызсу мәселесі толық шешілді.
Түйіткілдің түйіні Кендірлі зауыты іске қосылғаннан кейін тарқаған. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «ҚазМұнайГаз» жүзеге асырған жоба 160 мыңға жуық адамды сумен қамтып отыр.
Жаңаөзен жұрты кешеге дейін тіршілік нәрін шектеумен тұтынып келді. Сұраныс артқан кезде ауызсу кей ауылға тәулігіне үш сағатқа, ал Жаңаөзенге 9 сағатқа ғана берілетін. Енді бұл мәселе шешілді.
Мергенбай Қапарбаев, Жаңаөзен қаласы әкімдігінің «ӨЗЕНИНВЕСТ» МКК бас инженері:
- Суымыз жетеді. Кендірлі су тұшыту зауыты суткасына 50 мың, біз қазір пайдаланып отқанымыз 35-40 мың үстінде. Биыл сәуір айынан бастап 24 сағат тоқтатпай беріп отырмыз.
Ілкімді істің игілігін көрген тұрғындар дән риза.
Алдаберген Каменов, Қызылсай ауылының тұрғыны:
- 2006 жылы әр үйге осы құбыр тартылды. Оған дейін суды су таситын көлікпен тасыдық. Өтініш береміз, сосын су таситын көлікпен әкеліп құяды, солай ішіп отырғанбыз. Қазір осы су жақсы, біркелкі келіп тұр.
Ғалым Байжанов, Жаңаөзен қалалық мәслихатының төрағасы:
- Президентіміздің қолдауының арқасында біздің өңірде бүгінгі күні Жаңаөзен қаласында су мәселесі толық күйінде жоқ. Бұрынғы графикпен өмір сүрген Жаңаөзен бүгінгі күнде күні-түні судың барлығы келіп тұр.
Су зауытқа Каспий теңізінен түседі. Оны алу үшін 10-11 метр тереңдікте екі арнайы құбыр төселген.
Мақсат Ибағаров, «Кендірлі» Су тұщыту зауыты» ЖШС бас директоры:
- Судың тұшытылғаны, оның сапасы барлық санитарлық нормаға сәйкес келіп тұр. Су кестемен берілмейді, напоры да көбейді.
Тіршілік нәрінің әр тамшысы – тәулік бойы тоқтаусыз жүретін күрделі өндірістік процестің нәтижесі. Жалпы ұлттық компания ел игілігі үшін маңызды әлеуметтік жобаларды іске асырады.
Авторы: Бекзат Аманов