Алматы облысында «Байсерке аспаны – 2026» авиациялық шоуы өтті
Отандық ұшқыштар мен парашютшілердің және авиаторлардың өнерін тамашалауға бұл жолы 10 мыңнан астам көрермен жиналды.
Аталған іс-шараны ұйымдастыруға еліміздің бас көлік прокуратурасы мен Алматы облыстық әкімдігі қолдау көрсетті.
«Байсерке аспаны – 2026» авиациалық шоуы өтті
Ардақ Айбарұлы, тілші:
- «Байсерке аспаны» авиациялық шоуы биыл осымен үшінші рет ұйымдастырылып жатыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгін 16 түрлі авиациялық техникамен жоғары пилотаж үлгілері көрсетіледі.
Ұшу алаңында алдымен дельтапланшылар мен авиамодельдеушілер өнер көрсетті.
Қуанышбек Мирамбекұлы, Облыстық туризм басқармасының басшысы:
- 10 мыңнан астам билет сатылды, одан бөлек біздің авиашоуымыз 20 мыңға дейін бүгінгі таңда халықты қабылдауға дайын. Оның 15-тен 18 пайызына дейін шетелдік туристер келеді деуге сенімдіміз.
Ғарышкер, Халық қаһарманы Айдын Айымбетов «Байсерке аспаны – 2026» авиациялық шоуына құрметті қонақ ретінде шақырылды. Оның айтуынша, мұндай іс-шаралар жастарды отандық авиацияға тарту үшін аса қажет.
Айдын Айымбетов, Халық қаһарманы:
- «Байсерке аспаны – 2026» іс-шарасының отандық авиация мен ғарышты игеру ісін насихаттаудағы маңызы өте зор. Сол арқылы қаншама жастың бойында авиация саласында қызмет етуге деген құлшынысы артып, инженерия мен жаңа технологияларға деген қызығушылығы оянады деп есептеймін.
«Байсерке Аспаны» Оралық Азия елдері аумағында ұйымдастырылып жатқан жалғыз авиашоу екенін айта кетейік. Ұйымдастырушылар келесі жылы оны халықаралық деңгейде өткізуді жоспарлап отыр.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов