Жаңаөзенде ауыз су мәселесі шешілді
Биыл сәуірде Маңғыстау облысында «Кендірлі» су тұшыту зауыты іске қосылған еді.
Соның арқасында Жаңаөзенде ауыз су мәселесі шешілді. Кәсіпорын Каспий теңізінен тәулігіне 50 мың текше метр су алып, өңдеп отыр. Осылайша қазір Жаңаөзеннен бөлек іргелес елді мекендерді сапалы ауыз суға қол жеткізді.
Тұшыту зауыты Кендірлі демалыс аймағындағы Тоқымақ жерінде орналасқан. Стратегиялық маңызды жоба құрылысы Президент тапсырмасына сәйкес қысқа мерзімде аяқталды. Кәсіпорын кері осмос қондырғылары орнатылған су тұшыту, тұзсыздандыру секілді бірнеше цехтан тұрады. Теңіз суы бірнеше кезеңді сүзгілеуден өткен соң минералдар қосылып, құрамы байытылады. Теңізден су алатын құбырлардың жай-күйін арнайы дрон бақылайды.
Асхат Мусин, ауысым жетекшісі:
- Су ультрафильтрация қондырғысына келеді. Бұл жерде ұсақ микроорганизмдер, бактериялар ұсталып қалады. Ультрафильтрациядан шыққаннан кейін зауытымыздың негізгі қондырғысы - кері осмос, соған барады. Содан кейін залалсыздандыру жүргізіледі. Гипохлорид, хлор қосылады. Барлық санитарлық нормаларға сай болғандықтан су өзінің тұтынушыларына жіберіледі.
88 адам еңбек ететін кәсіпорынның өндірістік жұмыс кезеңі толық автоматтандырылған. Тұшытылған теңіз суының сапасына тұрақты түрде зертханалық сараптама жасалады. Отандық мұнай-газ операторы атқарған ауқымды жоба аясында зауыттан Жаңаөзен қаласына дейін магистральдық су құбыры тартылды.
Ділназ Қалыбекова, кәсіпорынның аға инженер-химигі:
- Зертхана тәулік бойы жұмыс жасайды. Яғни 24/7 сағат режимін ұстанады. Тәулігіне әр 4 сағат сайын бізге келіп отырады, судың сынамалары. Біз оны өзімізге алып, әрі қарай көрсеткіштерін тексеретін боламыз.
Мақсат Ибағаров, тұшыту зауытының бас директоры:
- Мамыр айына 15 мың жұмыс жоспарымыз болды, күнделікті тапсыру. Маусым айында 21 мың 500 болды, шілде және осы айларда 25 мың. Өткенде бір ыссы болған күндері бір арасында жаңбыр болмады 16 мың, 16 мың жарым суды қабылдағаны болды. Біз 25 мыңды да, 50 мыңды да мына жобаның өзінің қуаттылығы солай, толығымен бере алады. Ешқандай кедергі жоқ.
Жаңаөзен халқы бұған дейін «Астрахань - Маңғыстау» су құбырымен келетін ауыз суды тұтынып келді. Тіршілік нәрін Атырау мен Маңғыстаудың бірқатар елдімекені пайдаланғандықтан, су тапшылығы әсіресе жаз айлары өткір сезіледі. Биыл осы мәселе түбегейлі шешімін тапты. Қазіргі кезде Жаңаөзен қаласы, оған іргелес орналасқан Қызылсай, Рахат, Кендірлі ауылы да жаңа зауыт өндірген мөлдір суды ішіп отыр.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев