Мектеп асханаларында төлем жүйесі түбегейлі өзгертілді

depositphotos.com

Елімізде мектеп асханаларындағы тамақтану қызметтеріне ақы төлеу жүйесі түбегейлі өзгертілді. Биылдан бастап мектеп оқушылары төлемді тек «Әлеуметтік әмиян» цифрлық жүйесінің расталған деректері негізінде ғана жүргізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин мәлім етті, деп хабарлайды «24KZ».

Бұл шешім бюджет қаражатының жұмсалуын қатаң бақылауға және ашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп күтілуде. 2025–2026 оқу жылында аталмыш жүйе арқылы 149 миллион тегін ыстық тамақ беріліп, 1,6 миллион цифрлық ваучер қалыптастырылды. Жүйе арқылы қызмет көрсетушілермен есеп айырысу тек нақты берілген тамақ үшін ғана жүзеге асырылады. Бұл мектепке келмеген немесе сабақта болмаған балалар үшін қаражатты негізсіз есептеу тәжірибесін толықтай жояды. 

Жауапты ведомство қыркүйек айының басына дейін барлық қажетті тізімдерді толық қалыптастырып, тиісті дайындық жұмыстарын пысықтау қажеттігін атап өтті.