Мектеп асханасын сынайтын ата-аналар балаларына не салып береді?

depositphotos.com

Елордалық мектептердегі асхана мәзірі мен балалардың тамақтану сапасы жиі сынға ұшырап жатады. Әлеуметтік желіде мектеп мәзірін сынаған ата-аналар өз көңілдері толмайтынын айтып, бұл тақырыпты жиі көтереді. Осыған орай Қамқоршылық кеңестің төрайымы, бракераждық комиссия мүшесі Бақтыхан Шанбаева «24KZ» тілшісіне хабарласып, бұл мәселенің екінші тарапын айтып берді.

Маманның айтуынша, асхана мәзірі Қазақстан Республикасының қолданыстағы нормативтік талаптарына сәйкес қатаң түрде әзірленеді.

Мектеп асханасындағы оқушылардың тамақтану мәзірі мектептің немесе асхана қызметкерінің жеке қалауымен жасалмайды. Осы талаптарға сәйкес мектепте маусымдық перспективалық мәзір әзірленеді. Мәзір оқушылардың жас ерекшелігіне, физиологиялық қажеттіліктеріне, тағамның құндылығына және дұрыс әрі теңгерімді тамақтану талаптарына сай жасалады. Яғни, мектеп асханасы күнделікті тағамдарды өз бетінше қалағанынша өзгерте алмайды, – дейді Бақтыхан Шанбаева.

Алайда бұл мәселенің екінші тарапы да бар. Асхана мәзірі оқушылардың жас ерекшелігіне сай салауатты тамақтану талаптарына сәйкес жасалғанымен, кей жағдайда ата-аналардың өздері балаларының дұрыс тамақтануына кері әсер ететін өнімдерді беріп жібереді.

Ата-аналардың асхана тағамына қатысты шағымын жиі естиміз. Бірақ «ата-аналар өздері балаларына не салатынын көрейік» деп, олардың не беріп жіберетінін көрсеткіміз келді, – дейді Бақтыхан Шанбаева.

Редакциямызға жолданған материалдар мен фотолардан балалардың тағам сауытында (ланчбокс) немесе сөмкесінде зиянды снэктер мен тәттілер жүретінін байқауға болады. Атап айтқанда, суреттерде чипсылар, шоколадтар мен печеньелер анық көрініс тапқан.

Мамандар баланың денсаулығы мен дұрыс тамақтану әдеті ең алдымен отбасынан басталатынын еске салады. Мектеп асханасындағы бекітілген стандартқа сай ыстық тамақтан бас тартқан оқушылардың үйден немесе дүкеннен әкелетін тағамдармен қоректенуі асқазан-ішек жолдарының жұмысына ауыр тиіп, бала денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін. Ата-аналардың мектепте бекітілген мәзірмен және күнделікті ас мәзірімен танысуға толық құқығы бар. Ең бастысы - балалардың қауіпсіз, сапалы, құнарлы және теңгерімді тамақтануын қамтамасыз ету. 

Сондай-ақ оқыңыз: