Риддер қысқа дайын ба?

Риддерде жаздың аптабында ыстық судан  ажыратылған көпқабатты үйлер желіге қайтадан қосыла бастады. Дегенмен бірнеше ықшам аудан тұрғындарына әлі де амалдай тұруға тура келеді.

Себебі мамандардың хабарлауынша, шаһарда тозығы жетіп, әбден шіріген жылу құбырлары кезең-кезеңімен ауыстырылып жатыр. Қақаған қыс ортасында жылусыз қалмас үшін бұл жұмысты  аяқтау аса маңызды. Жылу желісін жөндеу шаралары қашан аяқталады? Бірнеше жыл бұрын  жылу орталығында ірі апат болған қала алдағы  маусымға қаншалықты дайын? 

Риддер қаласында қысқы маусымға дайындық қызу жүріп жатыр. Қазір жылу станициясында бесінші қазандық агрегатын жөндеу аяқталып қалды. Бұнымен қоса  шаҺар ішіне жаңа жылу желісі тартылуда. 

Осыдан үш жыл бұрын Риддердегі жылу  желісінің тозу көрсеткіші 91 проценті болған еді. Сала мамандары желіні кезең-кезеңмен ауыстырды.Ең алдымен апат ең көп тіркелген күрделі учаскелерге басымдылық берілді.Үздіксіз жұмыс арқасында  қазір  желідегі тозу деңгейі екі есе азайып, 59 процентке жетті.

Надежда Григорьева  жаздың аптабында ыстық сусыз отырғанына қынжылады. Алайда бұл  қақаған қыс ортасында жылудан қағылмаудың  қамы екенін  де түсінеді. Сондықтан  желі бойын жиі аралап, жұмыс барысын күн сайын бақылап жүр.

Надежда Григорьева,  қала тұрғыны:                             

- Мінекей, 10 жыл болып қалды. Үнемі ыстық су  тоқтап қалады. Біресе ана жерден, біресе мына жерден ақау шықты деп жатады. Әрине, қыста жылу желісінің үздіксіз жұмыс істеп тұрғаны қажет, дегенмен ыстық су да тоқтаусыз берілсе екен дейміз.

Жалпы Риддерде 17 учаскеде  жөндеу жүріп жатыр.Оның 12-не Үкімет резервінен 1 миллиард 300 миллион теңге  бөлінді. Ал қалғаны тариф есебінен іске асырылуда.

Кирилл  Голота, Риддер Жылу электр орталығының директоры:

- Жөнделген учаскелер аумағында  3,5 мың абонент тіркелген еді.  Соның қазір 1500-і желіге қайта қосылды.Жазда  жылу  орталығында да  жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Сол себепті жалпы қала бойынша ыстық су беруді тоқтатқан кез де болды. Бұл жөндеу кестеге сай өтуі үшін  қажетті шешімдер болатын.

Жылу  желісін жаңғырту шаралары тамыздың соңында  аяқталады,-дейді мамандар. Облыс бойынша Өскемен, Шемонаиха қаласы мен Күршім ауылында,Глубокое кентінде де тозған желі ауыстырылып жатыр. Сала өкілдерінің мәліметінше,алдағы 4 жылда  өлкеде жалпы 145 шақырым жылу трассасы жаңғыртылады.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов