Жезқазғандағы мыс зауытында жаңа цех салынады
Қазақмыс Жезқазған мыс қорыту зауытының газ тазарту жүйесін толықтай қайта жаңғыртады.
Бүгін корпорация мен қытайлық компания зауытта жаңа күкірт қышқылы цехын салу туралы, құны 213 млн АҚШ долларына тең шартқа қол қойды. Компания басшылығы маңызды жоба Жезқазғанның экологиялық ахуалын түзеп қана қоймай, кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеуіне кепіл болады дейді.
Жезқазған мыс қорыту зауытына жаңа күкірт қышқылы цехын салу жобасы заманауи экологиялық стандарттарға көшу қажеттілігіне байланысты қолға алынып отыр. Себебі кәсіпорында ауаға тарайтын газдарды кәдеге жаратуға арналған инфрақұрылым әбден тозған. Бүгін жасалған келісім аясында жаңадан күкірт қышқылы цехымен қатар зиянды шығарындыларды ұстап қалатын тазарту жүйесі де салынады.
Есет Байкен, Ұлытау облысының әкімі:
- Жезқазған тұрғындарын ұзақ жылдар бойы алаңдатып келген экологиялық мәселенің шешілу бағытындағы нақты қадамдар жасалып отыр. Бұл Жезқазған қаласының экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, өңіріміздің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға арналған маңызды инвестициялық жоба.
Құны 213 млн АҚШ долларына тең жобаны осы салада халықаралық тәжірибесі бар қытайлық CNCEC компаниясы салады. Жаңа цехтың жобалық қуаты жылына 350 мың тонна күкірт қышқылын өндіруге мүмкіндік береді. Сағатына 300 мың текше метр газды өңдей алады.
Руслан Өскенәлі, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы:
- Бүгін біз келімшартқа қол қойдық. Осыдан енді әрі қарай 2,5 жылдың ішінде осы күкіртқышқылдық цехын осы қытайлық портнерларымыз соғып бітіріп шығады дейміз. Сондықтан, бүгін тарихи күн бұл өңір үшін. Біздің акционеріміз, біз әрине бұл өңірде жұмыс істегеннен кейін экология мәселесіне көп назар аударамыз. Біз жауапкершіліктің барлығын орындап шығамыз.
Нысанды 2028 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Мердігерлер жыл соңына дейін өндірістік алаңда ауқымды жұмылдыру және дайындық жүргізеді. Құрылыс жұмыстары 29 айға жалғасады.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев