Астанада марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның соты басталды

Астанада көпқабатты үйдің қасбеті құлап, қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның ісіне қатысты сот отырысы басталды.

Тәуелсіздік даңғылы бойындағы тұрғын үй алдында болған қайғылы оқиғаға байланысты Мүлік иелері бірлестігінің басшысы Сәуле Жұбанизова жауап беріп жатыр. Оған міндеттерін тиісінше орындамағандықтан адам өліміне әкеп соққан деген айып тағылды. Егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе, қылмыстық кодекстің 254-ші бабына сәйкес 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Дегенмен бірлестік төрайымы тағылған айыппен келіспейтінін әрі өзін кінәлі санамайтынын айтады. Ал марқұмның анасы мен адвокаты кісі өлімімен аяқталған істе жауаптылар жазасыз қалмасын деп отыр. Тараптарды тыңдаған судья қорғау тарапының қылмыстық іс материалдарымен танысуға уақыт беру туралы өтінішін ескере отырып, 20 тамыз сағат 10:00-ге дейін үзіліс жариялады.

Нұрсұлтан Орынбеков, жәбірленушінің адвокаты:

- Қазір анасының бір ғана талабы қызы өмірден өтіп кетті ғой, әруағы риза болсын деп, әділдікті талап етіп отыр. Нақты заң аясында кім жауапты, сол адам жауапкершілікті арқалау керек. Бірақ кешірім беру мәселесі, азаматтық талап, қандай да бір моральдік шығын, материалдық шығын сұрау деген сұрақ әлі ашық. Бұл туралы анасы әлі нақты шешімге келген жоқ. Қазіргі таңға дейін сотталушы тарап ешқагндай келмеген, бітімгершілік ұсыныстарын жасамаған. Сондықтан ол сұрақты әлі ашық қалдырып отырмыз.