Португалияда 2 мың гектардан астам орман алқабы жанып кетті

Фото: depositphotos.com

Ыстық әрі құрғақ ауа райына байланысты Португалияның 9 ауданында өрт қаупінің «қызғылт сары» деңгейі жарияланды, деп хабарлайды «24KZ» Euronews-ке сілтеме жасап.

Ал қалған аумақтың басым бөлігінде «сары» деңгей жарияланды. Бүкіл ел бойынша өртпен 2 мыңнан астам өрт сөндіруші күресіп жатыр және 20-дан астам ұшақ пен тікұшақ жұмылдырылған.

Euronews мәліметінше, өткен аптаның соңынан бері Португалияда 3 жаңа өрт ошағы тіркеліп, олар қысқа уақытта бақылаудан шығып, қауіпті аумаққа дейін ұлғайған. Мәселен, Браганса ауданында сенбі күні басталған өрт соңғы бірнеше күнде 2 мың гектардан астам орман алқабын жойған.

Португалия бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, өрттің осыншалықты жылдам таралуы сот талқылауына себеп болуы мүмкін. Бірқатар жағдайда жергілікті билік қажетті шараларды жедел қабылдамаған деген күдік бар. Сондай-ақ өрт сөндірушілердің шұғыл шешім қабылдау мүмкіндігі шектелгені туралы айтып жатыр.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз