Ақтауда заманауи футбол стадионының құрылысы басталды
Ақтауда заманауи үлгідегі футбол стадионының құрылысы басталды.
10 мың көрерменге есептелген спорт нысаны 15-шағын аудан жағажайында бой көтереді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған жоба құрылысын отандық мердігер қысқа мерзімде аяқтауды жоспарлап отыр.
Аумағы 17,29 гектар болатын стадион аймақтың футбол тарихында алғаш рет салынғалы отыр. Екі қабатты спорт нысанын Қазақстан футбол федерациясы 5-санатқа, ал халықаралық УЕФА ұйымы 4-санатқа жатқызады. Құрылысы бірнеше кезеңге бөлінген ғимарат алдына дәстүрге сәйкес «Уақыт капсуласы» салынды. Салтанатты рәсімге қазақтың даңқты желаяғы Әмен Тұяқов, облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай бастаған зиялы қауым өкілдері мен спортшылар қатысты.
Әмен Тұяқов, даңқты спортшы:
- Денсаулыққа байланысты қиындықтар болғанымен міне сіздердің алдыңызға келіп тұрмын. Осы жерден көптеген жақсы спортшылар шықты. Күні кеше ғана «Қазақ барысы» дейтін үлкен атақты біздің жас ініміз Жантілек алды. Ол біз үшін ғана емес, қазақ халқы үшін де үлкен қуаныш.
Нұрдәулет Қилыбай, облыс әкімі:
- 2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа кіргенімді бірнеше мәселе көтерілді. Балалары жігерлі Маңғыстаудың, оларға бір стадион сұранып тұр. 10 мың адамнан кем емес стадион салу керек деген тапсырма берген болатын. Сол себептен Президентімізге көп-көп рақмет.
Зәулім стадионның сырт келбеті ерекше. Жағажайда салынатын болғандықтан Каспий теңізінің інжу-маржаны тәрізді сәулет дизайны таңдалған. Қазақстандық мердігер тұрғызатын ғимарат құрылысына отандық материалдар қолданылады. Келешек мұнда ұлттық және халықаралық деңгейде футбол ойындары өткізіледі.
Азамат Өсімбеков "VD Stroy Engineering" ЖШС бас директоры:
- Газоны табиғи болады. Жалғыз стадион емес, бұл жерде академия болады. Командалар ойнайтын жері болады. Жаттығу процестері жүреді, сосын болашақ футболшыларға тағы басқа да спортшыларға үлкен жаттығу лагері болады осы жерде. Амандық болса, екі жыл ішінде бітіруге мақсат қойып отырмыз.
Жобаның бірінші кезеңін, жер жұмыстарын жылдың соңына дейін аяқтау көзделген. Оның барысында 300-дей жұмыс орыны құрылады. Стадион қолданысқа берілген соң екі мыңға жуық адамды тұрақты қызметпен қамту жоспарланған.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев