Жасұлан Әмір – ең қымбат футболшы

Қазақ қыздары Абу-Дабиде қола жеңіп алды. Біріккен Араб Әмірліктерінде шахматтан Азия ұлттары кубогы өткен болатын. Біздің спортшылар алғашқы турларда Жаңа Зеландия, Шри-Ланка және Өзбекстанды жеңді. Ал шешуші сында Үндістаннан басым түсіп, жалпы есепте үздік үштікке кірді. 

Ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты жалғасып жатыр

14 жастағы ауыр атлет ел чемпионы атанды. Астанада дәл осы спорт түрінен жылдың басты жарыстарының бірі ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты жалғасып жатыр. Оған 200-ге жуық қатысушы жиналды. Жарыстың кезекті күні 4 салмақтағы жеңімпаздар белгілі болды. Әсіресе әйелдер арасында 69 келіде 14 жастағы Маргарита Ермакова топ жарды. Астаналық қыз қоссайыс қорытындысы бойынша 212 келіні бағындырды. Күміс Қызылорда, қола Қарағанды қыздарына бұйырды. Бұған қоса, 57 келіде қарағандылық Екатерина Алякина, 61 келіде қызылордалық Инабат Өмірзақ, ал 77 келіде алматылық Аянат Жұмағали ең үздік нәтиже тіркеді. Бүгін басқа салмақтардағы бәсекелер болады. Астана қаласындағы ішкі біріншілік 22 қарашаға дейін жалғасады.

Құрлықтық Хоккей лигасы 

«Барыс» «Салават Юлаевтан» жеңілді. Құрлықтық Хоккей лигасында өнер көрсететін қазақстандық клуб сырт алаңдағы мачтар сериясын бастады. Бұл жолы олар Уфа қаласына барып, жергілікті «Салават Юлаевпен» жолықты. Алаң иелері өте белсенді бастап, 49-шы секундта есеп ашты. Артынша таблодағы нәтижені еселей түсті. Ал «Барыс» ойыншылары таразы басын теңестіруге тырысып, Аңсар Шайхмедденов, Джастин Бейли және Мейсон Морелли мергендігімен көзге түсті. Десе де есепті теңестіру мүмкін болмады. Қорытынды нәтиже – 5:3. Жеңіске жеткен «Салават Юлаевтан» Шығыс Конференциясының тізімінде 6-шы орынға көтерілді. Ал «Барыс» жетінші орынға төмендеді. Қазақстандық клуб келесі кездесуін ертең тағы да сырт  алаңда өткізеді. Омбы қаласында жергілікті «Авангард» клубымен кездеседі.

Жасұлан Әмір – ең қымбат футболшы

Қазақстан құрамасының және «Ордабасы» клубының жартылай қорғаушысы Transfermarkt порталы рейтингінде көш бастады. Оның трансферлік бағасы 500 мың еуродан 2,5 миллион еуроға дейін өсті. Яғни қазақстандық футболшының нарықтық құны 2 миллион еуроға немесе бес есеге артқан. Әмір бірінші орынды «Астана» сапындағы босниялық жартылай қорғаушы Иван Башичпен бөлісті. Оның бағасы да 2,5 миллион еуроға жетті. Үздік үштікке «Қайрат» қақпашысы Темірлан Анарбеков пен «Ордабасы» қорғаушысы Ги-Марселен Килама да енді. Екі футболшының нарықтық құны 1,2 миллион еуродан бағаланып отыр. Ал бір миллион еуролық межеге «Астана» ойыншысы Мақсат Абраев, «Ордабасы» футболшысы Давид Абағна, «Қайрат» шабуылшысы Жоржиньо және «Ақтөбе» өкілі Пабло Альварес жетті.

Сондай-ақ оқыңыз: