Үш жылда 217 келешек мектебі салынды
Елде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы шеңберінде бүгінге дейін 217 мектеп пайдалануға берілді. Жаңа білім ошақтары 460 мың оқушыға арналған.
Үш жылда 54 үш ауысымды және 12 апатты білім ордасының мәселесі шешілді. Ал жүзден астамында орын тапшылығы азайды. Ауылдық жерлерде 84 мектеп салынып, 130 мыңнан астам оқушы жаңа форматтағы білім ошағында оқуға мүмкіндік алды. Жаңа нысандардың аумағы қарапайым мектептерден 15-20 пайызға кең. Биыл 1,6 мыңнан астам мұғалім STEM-білім беру, роботехника және цифрлық технологиялар бойынша арнайы семинарлардан өтті. Ал 5 мыңнан астам педагог пәндік даярлық, жасанды интеллект және инклюзивті білім беру бағытында оқытылды.
Айқожа Әбсадықов, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Инвестициялық саясат және инфрақұрылымдық даму департаментінің директоры:
- Тағы маңызды бағыттардың бірі - оқушылардың қауіпсіздігі. Мектептерде вандализмге төзімді есіктер орнатылып, заманауи бейнебақылау есіктері енгізілген. Face ID технологиясы арқылы кіруді бақылау ұйымдастырылған. Келешек мектептері ұлттық жобасы әр балаға тұрғылықты жеріне қарамастан, заманауи талаптарға сай келетін жағдайда сапалы білім алуға мүмкіндік береді.