Қазақстанда шетелдік дипломдарды тану тәртібі өзгереді

Фото: depositphotos.com

Қазақстанда шетелдік оқу орындарында алынған білім туралы құжаттарды тану тәртібі жаңартылады. Тиісті өзгерістерді Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушы 12 тамызда бекітті, деп хабарлайды 24KZ.

Жаңа ережеге сәйкес, шетелдік дипломды тану үшін өтініш пен қажетті құжаттарды Халыққа қызмет көрсету орталығы немесе электронды портал арқылы тапсыруға болады.

Өтінішке білім туралы диплом және оған қосымша қоса беріледі. Егер құжат шетел тілінде берілсе, оның қазақ немесе орыс тіліндегі нотариалды куәландырылған аудармасы қажет. Халықаралық келісімдерге сәйкес апостиль қою немесе заңдастыру талап етілмейтін елдер үшін бұл рәсімдер жүргізілмейді.

Медициналық және фармацевтикалық мамандықтар бойынша шетелде алынған дипломдарды, оның ішінде интернатура туралы құжаттарды танудың жеке тәртібі енгізіледі.

Мұндай құжаттардың түпнұсқалығы тексеріліп, диплом берген ұйымның тиісті білім беру қызметін жүзеге асыруға құқығы болған-болмағаны анықталады. Сонымен қатар білім деңгейі денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган ұсынған сарапшылардың қатысуымен бағаланады.

Медициналық, фармацевтикалық және педагогикалық бағыттар бойынша халықаралық келісім болмаған жағдайда құжаттар Қазақстан заңнамасының талаптарына сәйкестігі тұрғысынан сараптамалық бағалаудан өтеді.

Құжаттарды халықаралық келісімдер негізінде тану рәсімі 8 жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

Егер шетелдік диплом туралы мәлімет тиісті дерекқордан табылмаса, құжат берілген елдің уәкілетті органына ресми сұрау жіберіледі. Егер оған 20 жұмыс күні ішінде жауап келмесе, кейінгі екі жұмыс күні ішінде мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы уәжді шешім шығарылады.

Қажетті жауап алынған жағдайда дипломды тану туралы шешім немесе бас тарту туралы құжат 2 жұмыс күні ішінде рәсімделеді.

Шетелде алынған ғылыми дәреже туралы құжаттарды тану тәртібі де нақтыланды. Бұл рәсім екі кезең бойынша жүргізіледі.

Жаңа ережелер 2026 жылғы 30 тамыздан бастап күшіне енеді.