Елде экскурсия жетекшілерінің жұмысына қатысты жаңа ережелер күшіне енді

Енді сала мамандарына міндетті тіркеу, туристпен ресми шарт жасасу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша нақты талаптар қойылады. Өзгерістер қызмет сапасын жақсартуға оң ықпал етпек. 

Туристік компаниялар бір алаңға біріктіріледі. Енді олар eLicense.kz порталына тіркелуі керек. Осылайша, мамандар мемлекеттік электрондық тізілімге енгізіледі. Бұл туристерге сапарын ресми тіркелген гидке сеніп тапсырғанына көз жеткізуге мүмкіндік береді.

Татьяна Верницкая, «Қалалық туризм орталығы» қауымдастығының директоры:

- Тәжірибе көрсеткендей, кейде турист қонақүйге орналасқаннан кейін гид іздей бастайды да: «Менің екі сағатым бар, өтінемін, қазір келіп, экскурсия өткізіп беріңіз», – дейді. Гид туристі қабылдайды. Ал бұл ережелерге сәйкес, ол туристпен шарт жасасып үлгеруі керек, үш тәулік бұрын белгілі бір ақпаратты ескертуі тиіс. Алайда ол туристі қазір ғана көріп отыр. 

Сондай-ақ қызмет көрсетушілер саяхатшының сапар кезіндегі қауіпсіздігіне де жауапты болмақ. Енді гидтер клиенттерге бағыт туралы, болуы мүмкін қауіп-қатерлер мен өзін-өзі ұстау ережелері жөнінде алдын ала ақпарат беруге міндетті. Ал төтенше жағдай туындаған кезде бұл туралы уәкілетті органдарға және туристің туыстарына дереу хабарлауы тиіс.

Жайнагүл Қаппасова, ҚР Туризм және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің ресми өкілі:

- Министрлік туристік сала өкілдерімен тұрақты диалог жүргізіп келеді. Талаптардың тиімді ғана емес, іс жүзінде қолдануға да қолайлы болғанына мүдделіміз. Министрлік бизнес-қоғамдастықтың ұсыныстарын ескере отырып, ережелердің жекелеген нормаларын пысықтауды жоспарлап отыр. Бұл жұмыс кәсіби қауымдастықпен бірлесіп жүргізіледі. Негізгі мақсат – заң талаптары, туристердің қауіпсіздігі және гидтер, экскурсоводтар мен туризм нұсқаушыларының нақты жұмыс жағдайлары арасында тепе-теңдікті қамтамасыз ету.

Егер маршрут тым қауіпті болса, саяхатшы қауіпсіздік шараларымен танысқанын жазбаша түрде растауы қажет. Алайда қызмет көрсетушілердің бір бөлігі кейбір талаптарды іс жүзінде орындау әзірге қиын деп есептейді. Әсіресе өз бетінше жұмыс істейтін гидтердің жұмысын жүйелеу қиын болатынын айтып отыр. 

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Нұрсая Елбрусова, Медет Қуанышбеков