Мемлекет пен бизнес: Жақсы ауданының дамуына қанша қаражат жұмсалады?
Ақмола облысындағы «ТНК» серіктестігі жыл сайын ауылдарды көркейтуге 1 млрд теңгеден астам қаражат жұмсайды.
Қомақты қаржыға Жақсы ауданында бірнеше әлеуметтік нысан бой көтерді. Оның ішінде спорт кешендері мен балалардың ойын-сауық орталығы бар. Сондай-ақ ірі серіктестік 2 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыспен де қамтып отыр.
Жақсы ауданының тұрғындары ем іздеп қалаға сабылмайды. Өйткені аудандық ауруханада білікті дәрігерлер мен заманауи техниканың бәрі бар. Себебі соңғы екі жылдың ішінде «ТНК» серіктестігі емдеу мекемесінің техникалық базасын нығайтуға 300 млн.теңге инвестиция тартқан. Жас мамандарға да ерекше көңіл бөлініп отыр.
Абдулсәмет Тотан, дәрігер:
- Оқуымды бітірген соң, жас маман ретінде жұмысқа орналастым. Агрокомпания ТНК оқу бітіріп, жұмысқа орналасқан жылы мені баспанамен қамтамасыз етіп, 3,5 млн теңге көлемінде көтермеақы берді.
Жалпы серіктестік салған баспаналарды тек жас мамандар ғана емес, қарапайым ауыл тұрғындары да ала алады. Ол үшін ауданның көркеюі үшін аянбай тер төгу керек.
Батырбек Уәлиев, «Агрофирма ТNК» ЖШС бас директоры:
- Соңғы жылдары біз ауыл тұрғындары үшін 50 баспана салдық. Аудан орталығында 70 пәтерлі қөпқабатты үш тұрғын үй бой көтерді. Мұның барлығы тұрғындардың жайлы, әрі қолайлы өмір сүруіне арналған. Біздің негізгі міндетіміз – халықтың әл ауқатын көтеріп, ауылдарды сақтап қалу.
Жақсы ауылындағы балалар ойын-сауық орталығы да серіктестік бастамасымен салынған. Құны 700 млн.теңге болатын нысан былтыр іске қосылды.
Назым Бақытжанова, балалар ойын-сауық орталығының директоры:
- Осы уақыт аралығында 20 мыңнан астам бала демалып кеткен болатын. Орталығымызға Жақсы ауданынан басқа да көршілес аудан, қалалардағы балалар да келіп, демалыстарын өткізеді.
Серіктестік басшысы мұнымен тоқтап қалмақ емес. Алда тағы бірнеше әлеуметтік нысан ашуды жоспарлап отыр.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный