Петропавлда 99 жастағы зейнеткер экскурсия жүргізеді
Петропавлда 99 жастағы зейнеткер экскурсия жүргізеді.
Любовь Горшкова 2009 жылдан бері локомотив депосының музейінде еңбек етеді. Қала тұрғындары мен қонақтары қарияның қызықты әңгімесін тыңдау үшін арнайы келеді. Ол кез келген адамды жылы шыраймен қарсы алып, бірден баурап алады дейді қонақтар. Қараша айында Любовь Константиновна 100 жылдық мерейтойын атап өтпек.
- Это факел, вот, старенький уже, но сохранился с тех пор, когда не было электричества с такими факелами ходили по цехам.
99 жастағы Любовь Горшкова - еліміздегі ең қарт экскурсия жүргізушісі. Зейнеткер 2009 жылдан бері локомотив депосының музейінде еңбек етеді. Келушілерге теміржол саласы туралы ақпарат береді. Қария бұл жердің әр жәдігері мен өткенінен сыр шертетін деректерді жақсы біледі.
Любовь Горшкова, экскурсия жүргізушісі:
- Келген адамдардың риза болғанын байқаймын. Бұл мені де қуантады. Оның үстіне, өзім де көп дүние үйрендім. Алғашында ештеңе білмейтін едім. Құжаттарды, кітаптарды ақтарып, көп оқыдым. Конспект жаздым. Осылайша музей тарихын тереңірек таныдым. Осында өзімді үйімдегідей сезінемін. Қазір күн сайын, сағат сайын келе алмайтыным қынжылтады.
Қарияның қызығушылығы мұнымен шектелмейді. Ол 100-ден астам өлеңді жатқа оқиды. Бос уақытында мақала жазады. Гаджеттермен жұмыс істеуді үйреніп алған. Жасанды интеллектіні де меңгеріпті.
Анна Кейм, Оңтүстік Орал темір жолы Петропавл бөлімшесі ардагерлер ұйымының төрағасы:
- Любовь Горшкова өте белсенді. 85 жасында компьютермен жұмыс істеуді үйренді. Ұялы телефонды да еш қиындықсыз қолданады. Керек ақпаратты өзі іздеп тауып алады. Жан-жақты адам. Бір орында қол қусырып отыра алмайды.
Любовь Константиновнаның негізгі мамандығы мұғалім. Теміржол саласында да ұзақ жыл еңбек еткен. Зейнетке шыққаннан кейін сүйікті жұмысынан қол үзбепті. Қазір денсаулығына байланысты экскурсияны жиі өткізе алмайды. Дегенмен, шақырса "қуана келуге дайынмын" дейді қария. Айта кетейік, экскурсовод қараша айында 100 жылдық мерейтойын атап өтпек.
Авторлары Аснурия Абдулла, Қуаныш Қазбеков