Таразда 1500 тұрғын баспанамен қамтылады
Таразда үй кезегінде тұрғандар тізімі соңғы 4 жылда 10 мың тұрғынға артқан. Қазір шаһар бойынша пәтер кезегін тосқан тұрғындар саны 32 мыңнан асып жығылады.
Кезектің бірден көбеюіне қаланың екі ауданға бөлініп, құрамына 14 ауылдың қосылуы себеп. Ал қала әкімдігі мәселені шешу үшін жаңа тұрғын үйлер салып, бюджет есебінен жаңа пәтерлерді сатып алып жатыр.
Биыл Таразда 1500 тұрғын пәтерлі болады. Үй кезегін күткендер16-14 шағын аудандардан жаңа пәтер алады Солардың бірі – Айнұр Сәрсембиева. Алты баланың анасы 2021 жылы пәтер кезегіне тұрған. Биыл кезегі келіп, жеңілдетілген пайызбен ипотека арқылы баспаналы болды.
Айнұр Сәрсембиева, қала тұрғыны:
- 4 бөлмелі үйге қол жеткізіп жатырмыз. «Концепция» бағдарламасы бойынша 2 пайызбен алып жатырмыз. Тұрғын үй сертификатына көпбалалы ана ретінде өтінім беріп, соған да қол жеткізіп жатырмыз. Мемлекетімізге үлкен алғысымызды айтамыз.
Биыл қала аумағында 62 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оған бюджеттен 48 млрд. теңге бөлінді. Қаржының 70 пайызы Ұлттық қордан, қалғаны жергілікті қазынадан қаралған. Жыл соңына дейін 29 үйдің құрылысы аяқталалып, пайдалануға берілмек. Оған қоса, әлеуметтік осал топтағы отбасыларды баспанамен қамту үшін, әкімдік құрылыс компанияларынан 180 пәтер сатып алмақ. Оған респбубликалық қазынадан 2,5 млрд. теңге бөлінді.
Дамир Жаманбаев, қала әкімінің орынбасары:
- 2024 жылы біз 670 пәтер дайын күйінде сатып алынған болатын. Қазіргі таңда барлығы таратылып берілді. 2025 жылы бізде 260 пәтер дайын күйінде сатып алып берілді. Бұл қазір құрылысы жүріп жатқан нысандардан бөлек. Аталған жұмыстар биыл да жалғасын тапты. Биыл 180 көппәтерлі тұрғын үйдің пәтерлерін сатып алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Әкімдік мәліметінше, келер жылы тағы 2500 отбасы жеңілдетілген пайыздық үстемемен пәтерлерге қол жеткізеді.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан