«Жастар қатысатын бюджет-2026» жобасының онлайн дауыс беру кезеңі өтті
Биыл Алматы жастарының ең үздік 20 бастамасы жүзеге асырылады.
«Жастар қатысатын бюджет-2026» жобасының онлайн дауыс беру кезеңі өтті. Жас алматылықтардың тың бастамаларына 10 мыңға жуық дауыс беріліпті. Ең көп дауыс жинаған жоба – инклюзивті білім беру тәжірибесінің Inclusion Lab орталығы, авторы Бақытжамал Шадиева. Екінші орынға Әсет Мадияр ұсынған «Ана академиясы», ал үшінші орынға Мереке Іңірбаеваның дұрыс тамақтану лабораториясы шықты. Үздік ондықтың қатарынан Kitap Hub AI, балаларды дамыту және оңалту орталығы, кәсіпкерлікті қолдау жобалары көрінген. Алматы қаласы әкімдігінің хабарлауынша 6 шілде мен 2 тамыз аралығында JasAlmaty порталына 203 өтінім түсіпті. Үздік деп танылған жобаны жүзеге асыруға 500 мыңнан 5 млн теңгеге дейін қаржы қарастырылған. Алдағы уақытта 50-ге жуық жобаны қолдау көзделіп отыр.