Қызылорда облысында электр желісі жаңғыртылады
Қызылорда облысында электр желілерінің тозу деңгейі кейінгі үш жылда 9 пайызға азайды. Дегенмен өңірдегі 10 мың шақырымнан астам желі мен 2 мыңдай станцияның жартысынан астамы әлі де жөндеуді қажет етеді.
Инженерлік инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары биыл да жалғасып жатыр.
Қармақшы ауданына қарасты Ақжар ауылында 380 отбасы, 1 мың 900-ге жуық тұрғын бар. Елді мекендегі басты мәселе — электр желілерінің тозуы. «Қатты жел соғып, жауын-шашын болса, жарық өшіп қалады», - дейді тұрғындар.
Құттыбай Омаров, Ақжар ауылының тұрғыны:
- Біз есімізді білгеннен бері тартылған бағаналар бар, сымдар бар. Соның бәрі қазір біртіндеп жаңартылса, заман талабына сай жақсы болар еді. Қай жылы қыстың күні болған мұздақта көп бағаналар құлап, жарықтың жоқтығы болды, қиын күндер өтті. Шүкір, оның да бәрі істеліп, қазір жақсы жөнделді. Оған да шүкір. Енді бәрі жаңарып кетсе, тіптен жақсы болар еді.
Ақжар ауылында 23 шақырым электр желісі бар. Мамандардың айтуынша, биыл оны жаңарту үшін жобалық-сметалық құжаты әзірленді. Бұдан бөлек, ауданда тағы үш ауылдың жарық жүйесі жаңаланады.
Самат Қабақов, Қармақшы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- Қазіргі таңда сол аталған жұмыстарды жалғастыру мақсатында төрт елді мекенге жоба әзірленіп, III Интернационал, Алдашбай, Ақжар және Қармақшы ауылдарында электр желілерін жаңғырту мақсатында облыстық бюджеттен 1,7 миллиард бөлініп, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу басқармасы арқылы мердігерді анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жалпы Сыр өңіріндегі электр желілерінің ұзындығы 10 мың шақырымнан асады. Ал қосалқы станциялар саны 2 мыңнан көп. Биылғы жоспар бойынша тағы 240 шақырым жарық желісі мен 52 станция жаңартылмақ.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин