Қостанай облысында егін орағы қарқын алды

Қостанай облысында биылғы егін жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр.

Жалпы 4 миллион гектарға жуық астық алқабының бүгінде 21 пайызы жиналды. Шаруалар осы қарқыннан таймаса, жиын-терім жұмыстары қыркүйек айының соңына дейін аяқталуы мүмкін. Алайда биылғы астық түсімі өткен жылмен салыстырғанда төмен болуы ықтимал. Мамандардың алдын ала болжамынша, орташа өнімділік гектарына 12 центнер шамасында болмақ.

Алдаберген Жұмағұлов басқаратын шаруашылық былтыр гектарынан 28 центнерден астық жинап, ауданда ең жоғары нәтиже көрсеткен еді. Биыл да сол деңгейден түспек емес. Тіпті кейбір алқаптары шілденің шіліңгір ыстығына ұрынса да гектарынан 38-40 центнерден өнім беріп жатыр. 

Қайрат Ордабаев, басқарушы директор:

- Біздің аймақта 60 центнерге дейін өнім алуға болады. Жерге  құрметпен қарап, дұрыс баптай білсең, ол жомарттық танытады. Біз биыл тәуекелге барып, егіске ерте кірістік. Топырақтағы ылғалды барынша сақтап қалуға тырыстық. Нәтижесі міне көз қуантады.

Былай қарасаң бұл шаруашылықтың егіншілікте жоғары нәтижеге қол жеткізуінде еш құпия жоқ. Егістікті әртараптандырып, тұқым алмастырып отыру, топырақ құнарлығын сақтап, тыңайтқыштармен қоректендіру. Агротехникалық шараларды дұрыс қолдану. Жермен жұмыс істейтін мамандардың білуі тиіс шарт-талаптар. Бұл шаруашылық 11 мың гектар жерге бидайдан бөлек күнбағыс, зығыр, жасымық сияқты бұршақ, майлы дақылдар егеді.

Алдаберген Жұмағұлов, шаруашылық басшысы:

- Биыл біз бидайдың 6 түрін септік. Соның ішінде мынау Карнет деген түрі гектарынан 41 центнерден өнім берлі. Бұл енді рекорд.

Шаруалар мемлекеттік қолдаудан кенде емес. Көктемгі егіс, жиын-терім жұмыстарына ғана 150 миллиард теңге жеңілдетілген несие берілді. Осындай көмек-қолдауды дұрыс жарата білу керек, дейді Алдаберген Жұмағұлов.

Алдаберген Жұмағұлов, шаруашылық басшысы:

- Мемлекет бізге барынша көмек көрсетіп жатыр. Басымдық берілетін дақылдарға субсидия төленеді. Мысалы, күнбағыстың тоннасына 23 мың теңге қаржылай көмек қаралған. Мемлекеттің осындай қолдауын, табысты нәтижеге айналдыруымыз керек. 

Жаз айының аптап ыстығы біраз шаруашылықтың астық түсіміне кері әсерін тигізді. Күйген дәннің салмағы жоқ. Сондықтан мамандар биыл өнімділік былтырғыдан төмен болады деп болжап отыр.

Кенжеғозы Жұмандықов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

- Былтыр бізде ауа райы қолайлы болып бізде былтыр дәнді дақылдардың 6 миллион 740 мың тоннадай жиналды, биылға міне қазіргі алдын ала болжам бойынша қазір 5 миллион тоннаның шамасында жинала ма деп ойлаймыз. 

Алайда астық сапасы былтырға қарағанда жоғары. Қамырлылық 22-30 процент аралығында. Жиналған астықтың жартысына жуығы үшінші сұрыпты деп бағаланған.

Мағауия Қалиев, Сергей Хаймин