Семейде жаңа спорт кешені ашылды
Семейде жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді.
Абай облысы мен Батыс Қазақстан облысының бірлескен жобасы «Абайға құрмет» акциясы аясында жүзеге асқан. Енді қаланың шетіндегі Үшақтар шағын ауданының халқы спортпен шұғылдану үшін орталыққа қатынамайды.
Жаңа кешеннің құрылысы бір жылға жетпей аяқталған. Жалпы аумағы 1800 шаршы метр болатын екі қабатты ғимараттарда бір мезетте 115 адам жаттыға алады. Мұнда бірнеше спорт залы, киім ауыстыратын және қосалқы бөлмелер қарастырылған. Ал нысанның сыртында баскетбол және жаттығу алаңдары жабдықталған.
Берік Уәли, Абай облысының әкімі:
- Былтыр Абай атамыздың 180 жылдығын президентіміздің тапсырмасымен лайықты деңгейде атап өттік. Сол Абай атамыздың 180 жылдығына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Абайға құрмет акциясы басталған болатын. Күллі Абай елінің тұрғындарын қуанышты сәтпен құттықтаймын.
Мұрат Мұқаев, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы:
- Бұл жәй ғана ғимарат емес, екі облыстың арасындағы достықтың нақты көрінісі. Халыққа деген құрметін және болашақ ұрпаққа деген сенімнің белгісі.
Үшақтар шағын ауданының тұрғындары үшін жаңа спорт нысанының ашылуы көптен күткен қуанышты жаңалық.Бұған дейін мұндай ауқымды спорт кешені болмаған.
Нұралы Амангелді, спортшы:
- Осы алдағы күндері осы залда тренировка жасап, бұйырса, Азия чемпионы, әлем чемпионы болуды армандаймын. Осы кешенді салып берген БҚО алғысымды білдіремін.
Жаңа кешен алғашқы спортшыларды қабылдауға әзір. Ал Семейде «Абайға құрмет» акциясы аясында бұдан бөлек бірнеше ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында Жекпе-жек сарайы, Достық үйі, Шығармашылық орталығы және басқа да әлеуметтік нысандар бар.
Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков