Риддерде иесіз қалған желілер қала меншігіне өтеді
Риддерде ұзақ жыл қараусыз қалып, әбден тозған электр желілерін түгендеу жұмысы жүріп жатыр.
Есепке алынып, қаланың балансына өткізіледі. Күні бүгінге 85 шақырым желі анықталды. Ескі желілер жаңғыртылуда.
Риддерде иесіз тұрған электр желісі жетеді. Қараусыз қалған сымдар салбырап, бағандардың ағашы шіри бастаған. Сәл жел тұрса, желі үзіліп, жұртты әбігерге салады. 7-ықшам ауданның тұрғыны Лариса Мокинаның айтуынша, күн райы бұзылса, жарық сөніп қалатын. Жақында аудандағы ескі желілер қала балансына өтіп, жаңғырту жұмыстары қолға алынды.
Лариса Мокина, қала тұрғыны:
- Жел соққан күнен бастап, 2-3 күн қатарынан жарықсыз отыратынбыз. Бұл проблема әбден титықтатқан еді. Қазір міне ауқымды жұмыс істеліпті. Соған қуанып жүрміз. Жақында жаңбыр жауып, дауыл соқты, электр жарығы сөнген жоқ.
Былтырдан бастап қала бойынша желілерді тексеріп түгендеу шаралары жүргізілуде. Ешкімнің меншігінде жоқ, қараусыз қалған 85 шақырым желі анықталды. Оның 52 шақырымы апатты жағдайда деп танылды. Сымдар жаңартылып, қалыпқа келтірілді. Осылайша желі бойындағы апат көрсеткіші 5 есе азайды. Жобаны іске асыруға бүгінге дейін 180 миллион теңге жұмсалды.
Думан Рахметқалиев, қала әкімі:
- Былтыр осы жұмысты бастадық. 6, 1-7 райондарда трансформаторларын ауыстырдық біразын, желілерін ауыстырдық, сонымен бізде қазір екінші аудан бар және Белый лук деген бар, сол жерлер ғана қалды. Биыл жұмысты бітіргеннен кейін, менің ойымша, бізде ондай проблема болмайды.
Қараусыз қалған электр желісі облыс орталығында да жетерлік.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Өскеменде бұрын иесіз тұрған аспалы электр желісінің 90 проценті қаланың оң жағалауына тиесілі. Әсіресе Мирный, Октябрск кенттері мен осы біз тұрған Защита ауданында ескірген электр сымдары жиі кездеседі. Сәйкесінше үп деген жел соқса, үзіліп жатады.
Соңғы бес жылда қалада қараусыз жатқан 500 шақырымға жуық электер сымы және жер асты кабельдері әкімдік балансына өтті. Барлығының да сапасы сын көтермейді дейді энергетиктер.
Миржан Қасымов, энергосервистік компанияның бас инженері:
- Сымдар әбден шіріп,тоқ өткізу мүмкіндігі азайған. Бағандар қисайып, маңайын қалың шөп басып қалған. Сондықтан ақау да жиі тіркеледі.
Жалпы биыл облыс аумағында ешқандай мекеменің теңгерімінде жоқ 250 шақырым электр желісі анықталды. Қазір оны салалық басқарма өз балансына өткізді. Әрі қарай энергетикалық компанияның есебіне алынады.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов, Дмитрий Пыхтин