Сайлауға келген ерекше жұп
Сайлау күні елдегі саяси науқан тек сайлау учаскелерінде емес, әлеуметтік желілерде де қызу талқылануда. Желі қолданушылары дауыс беру барысын түрлі форматта көрсетіп, қызықты сәттермен бөлісіп жатыр.
Астанада сайлау учаскесіне келген ерекше жұп назарға ілікті. Үй киімін киген бойжеткен дауыс беруге адамға ұқсас роботпен бірге келген. Ерекше жұп сайлау комиссиясының мүшелері мен тұрғындардың назарын аударды. Бас қала тұрғыны дауыс беруді кейінге қалдырмай, таңертең ерте сайлау учаскесіне келуді шешкенін айтты. Құжаттары тексерілгеннен кейін бойжеткен бюллетень алып, дауыс беру кабинасына кіріп, өз таңдауын жасады. Ал адамға ұқсас робот сайлау учаскесінде бойжеткенмен бірге жүріп, таңғы дауыс берудің ерекше мейманына айналды.
Алматыда сайлауға қатысқан Месси мен Роналду ел назарын аударды
Ал Алматыда ала доп аламанның хас шеберлері «Месси» мен «Роналду» Алматыдағы сайлауда көзге түсті. Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, әйгілі футболшылардың бейнесіне енген екі дос та танымал спортшылардың жанкүйері. Олар сайлауға келетін сәтін есте қаларлықтай етіп қана қоймай, әлемдегі ең танымал спорт түрлерінің бірі футболға да назар аударуды жөн көрген. Кейін сайлау учаскесіне кіріп, өз таңдауын жасамас бұрын мектептің алдында шағын футбол жаттығуын өткізді. Доппен бірнеше жаттығу жасап, бой сергітіп, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Олардың сайлау күні осылай басталды.
Сайлауға арнайы фотоаймақ әзірленді
«Мен дауыс бердім!»: Ұлытау облысында дәл осындай тақырыппен арнайы фотоаймақ дайындалды. Жігерлі жастар «Мен дауыс бердім!» жазуы бар арнайы брендтелген футболкаларды киіп, бекітілген сайлау учаскелеріне барып, өздерінің азаматтық таңдауларын жасаған. 8 арнайы фотоаймақ ұйымдастырылыпты. Фотозона сайлау учаскелеріне келген тұрғындардың назарын аударып, азаматтардың сайлау процесіне деген қызығушылығын арттыруда. Жастардың бұл бастамасы өз қатарластарына азаматтық жауапкершіліктің маңыздылығын көрсетіп, сайлауға қатысуға оң ықпалын тигізетіні сөзсіз.
Камаз сүйреп, сайлауға келді
Атыраудың күші: рекордшы сайлау учаскесі алдында камаз көлігін сүйреді. Бұған дейін жалпы салмағы 165 тонна болатын жеті теміржол вагонын сүйреп, ел рекордын орнатқан Ерсейіт Бралин сайлау күні жаңа күштік деңгейін көрсетті. Бұл жолы спортшы сайлау учаскесінің алдында камаз жүк көлігін сүйреп өтті. Сайлау учаскесінің маңында арнайы алаң дайындалып, рекордшы көпшілік алдында өзінің күшін тағы бір мәрте паш етті. Өнер көрсетілімінен кейін ол сайлау учаскесіне барып, дауыс берді. Саяси науқан күніндегі ерекше бастамалар мұнымен аяқталған жоқ. Рекордшы өз қолымен арматураны майыстырып, одан сайлау күніне орай «23» санын жасады.