Мәдениет өкілдері өз таңдауларын жасады

Құрылтай сайлауына мәдениет өкілдері де белсене атсалып, сайлау учаскелерінде өз таңдауларын жасауда. Әнші, сазгер, театр және кино әртістері саяси науқанда төбе көрсетіп, азаматтық ұстанымдарын білдіріп жатыр. Олардың қатарында Қазақстанның халық әртісі де бар.

Бас қаладағы №91 мектеп-гимназия ғимаратында орналасқан №289 сайлау учаскесінде кісі қарасы қалың. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, тұрғындар күн шапағы көрінген сәттен бастап учаскеге келіп, белсене дауыс беруде. Бұл қатарды Қазақстанның халық әртісі, белгілі әнші Майра Ілиясова да толықтырды.

Майра Ілиясова, ҚР Халық әртісі:

- Өзім де уақытымды бөліп, барып та жүрдік, әнші ретінде өнердегі, белгілі тұлға ретінде халықпен де кезіктік. Сонда байқағаным, халықтың көңіл күйі өте жақсы. Мен өзім әнші болғандықтан, өнерге деген құрмет айқын сезініп жүрміз.

Азаматтық ұстанымын білдіруге келген сайлаушылар арасында егде жастағы тұрғындар мен отбасылы азаматтардың үлесі басым. Дені ел үшін маңызды науқанға бүлдіршіндерін ерте келіп, таңдауларын жасап үлгерді.

Марат Елібаев, Астана қаласының тұрғыны:

- Жаңа Конституцияның аясында қазір бір палаталы Құрылтай құрылып отыр. Әрине, бізге, отбасымызға өте маңызды күн. Мереке деуге болады. Сондықтан біз де ерте тұрып, осы өзіміздің Конституциялық парызымызды өтеуге келдік.

Мәлік Мүтәлиев, Астана қаласының тұрғыны:

- Кемпір екеуіміз келдік. Сайлау бізге өте маңызды. Себебі бұл - келешектің, балдарымыздың болашағы.

Айта кеткен жөн, Астанада 500-ден астам сайлау учаскесі іске қосылған. Азаматтар кешкі 8-ге дейін саяси додаға түскен жеті партияның біріне дауыс бере алады.

Авторлары: Назым Кенжебай, Таир Мерекенов