Дауыс беру күні дәстүр мен креатив үндесті
Еліміздің бірқатар өңірінде сайлаушылар түрлі тың идеялар арқылы сайлау күнін есте қаларлықтай өткізді. Мәселен, Абай облысында Абай, Мұхтар, Шәкәрім есімді азаматтар сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауларын жасады.
Абай, Мұхтар, Шәкәрім дауыс берді
№65 сайлау учаскесінде мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Олардың қатарында Абай, Мұхтар, Шәкәрім есімді азаматтар да бар. Ұлы тұлғалардың есімімен үндес үш азамат сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауларын жасады. Олардың айтуынша, ел болашағына жауапкершілікпен қарау – әр азаматтың парызы.
Абай Нұржанұлы, қала тұрғыны:
- Абай облысында Абай, Мұхтар, Шәкәрім болып ерекшеленіп дауыс беріп жатырмыз. Алғашқылардың бірі болып дауыс бердік. Өз таңдауымызды жасап жатырмыз.
Мұхтар Мәдениетұлы, қала тұрғыны:
- Қазақстанның болашағынан жарқын болашақ күтеміз. Келер ұрпақтың жолы ашық болса екен деп тілейміз.
Ретро дәуірінің лебі сезілді
Ретро форматта ұйымдастырылған шара да көпшіліктің назарын аударды. Қалалық жастар сарайының алдына ретро көліктер қойылып, 80-жылдардың сән үлгісіндегі киім киген қыздар сол кезеңнің атмосферасын жаңғыртты. «80-жылдардың ырғағындағы дауыс беру» атты перформанс сайлау күнінің ерекше көріністерінің біріне айналды.
Еркежан Сағимоллаева, қала тұрғыны:
- Жалпы бұл стиль әр адамға, яғни Семей тұрғындарына халқына, ерекше көңіл-күй әсер сыйлайды. Бүгінгі Құрылтай ел үшін, елдің мүддесі үшін маңызды күн болғандықтан, біз сайлауға келіп дауысымызды бердік.
Сайлау таңын жаттығумен бастады
Түркістанда да сайлау күні салауатты өмір салтын ұстанатын тұрғындар үшін ерекше форматта басталды. Жүзге жуық азамат таңғы жаттығуға қатысып, бой сергітті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастама тұрғындарды белсенді өмір салтына шақырып қана қоймай, қоғамдағы азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған.
Қадырболат Мұсағалиев, Түркістан қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:
- Қаламыздың тұрғындары таңмен тұрып, жексенбіде өз дауысын берер алдында бойларын сергітіп, таңғы жаттығуға атсалысып, өз үлестерін қосып жатыр. Енді бұл еліміз үшін болып жатқан тарихи сәт.
Желкенді қайықпен дауыс беруге келді
Қонаев қаласының спортшылары да сайлау учаскесіне барудың өзгеше жолын таңдады. Олар Қапшағай су қоймасын желкенді қайықтармен кесіп өтіп, жағажайда ұйымдастырылған көшпелі сайлау учаскесіне келді. Спортшылар бұл бастама арқылы азаматтық ұстанымдарын білдірумен қатар қаладағы желкенді спорттың дамуына назар аударуды мақсат еткен.
Берік Құбаев, Алматы облысының желкенді спорт бойынша аға жаттықтырушысы:
- Бізде Қапшағай осы туристік жер ретінде жақсы танылады. Бұл – желкенді спорт үшін, ашық судағы жаттығулар үшін тиімді жер. Осы қайықпен келіп халыққа ерекше әсер сыйлау үшін, көтеріңкі көңіл күй болсын деп желкенді қайықпен келіп дауыс беруді жөн көрдік.
Сайлау күніндегі ерекше сәттер
Сайлау күніндегі ерекше бастамалар мұнымен шектелмеді. Қостанай облысында егіншілер комбайндарымен сайлау учаскелеріне келіп, дауыс берді.
Ал Қызылордада 18 жасқа толған 18 азамат бір мезетте сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. Мұндай шаралар сайлау процесіне өзіндік ерекшелік беріп қана қоймай, тұрғындардың азаматтық белсенділігін арттыруға, ел болашағына бейжай қарамауға үндейді.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Самат Қазанбаев