Әуе бағыттарын 90% дәлдікпен модельдейтін платформа әзірленді
Қазақстанда әуе бағыттарын 90%-ға дейінгі дәлдікпен модельдейтін платформа әзірленді.
Цифрлық жүйе сұраныстағы бағыттарға талдау жасап, әуе рейстердің коммерциялық тиімділігін бағалай алады. Жүйені Echelon Alpha компаниясы Көлік министрлігімен бірлесіп әзірлеген. Компания өкілдерінің хабарлауынша, платформаны құру үшін әуе тасымалдаушылардың соңғы 5 жылдағы 200 млн рейс туралы деректері өңделген.
Рахман Асамбаев, Echelon Alpha компаниясының құрылтайшысы:
- Жүйе өңірлердің макроэкономикалық көрсеткіштерін, халық санын, тұтынушылардың қалауын, іскерлік белсенділігін және ірі оқиғалардың күнтізбесін ескереді. Платформа тек ашық және коммерциялық дереккөздер, сондай-ақ геомаркетингтік деректер негізінде жұмыс істейді, болжамдардың дәлдігін 90%-ға дейін қамтамасыз етеді.