1 қыркүйектен бастап паспорт алу тәртібі өзгереді: шетелдегі қазақстандықтар нені білуі керек?

фото: depositphotos.com

ҚР Сыртқы істер министрлігінің бұйрығына сәйкес, 1 қыркүйектен бастап шетелде жүрген қазақстандықтар үшін паспорт рәсімдеу тәртібі өзгереді, деп хабарлайды 24KZ.

Жаңа ереже бойынша, шетелдегі азаматтар паспорт алу үшін Қазақстанның сол елдегі елшілігіне немесе консулдық мекемесіне жүгіне алады. Бұл мүмкіндік шетелде тұрақты тұратын азаматтарға, студенттер мен еңбек шарты бойынша жұмыс істейтіндерге, сондай-ақ шетелде туған кәмелетке толмаған балалар мен олардың отбасы мүшелеріне беріледі.

Паспортты рәсімдеу мерзімі мекеменің цифрлық жүйеге қосылған-қосылмағанына байланысты болады. Егер жүйе жұмыс істесе, құжат 40 жұмыс күні ішінде, ал жүйе болмаған жағдайда 90 күнтізбелік күнге дейін дайындалады.

Құжаттарды қабылдаған шетелдегі мекеме оларды Қазақстанға жібереді. Мұнда өтініш пен құжаттар тексеріліп, паспорт дайындалады. Құжат әзір болған соң азаматқа хабар беріледі.

Балаларға қатысты да жаңа тәртіп енгізіледі. Атап айтқанда, ЖСН-ы жоқ 14 жасқа дейінгі балаға алғаш рет паспорт рәсімделген кезде, шетелдегі мекеме алдымен ЖСН алу рәсімін бастайды. Одан кейін баланың деректері жүйеге енгізіліп, паспорт рәсімдеуге өтініш жіберіледі.

Жаңа тәртіп 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді.