Елімізде мопедтердің қатысуымен болатын жол апаты көбейген

Елде электрсамокат, мопед, велосипедтердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының саны да көбейген. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.

Жыл басынан бері мопед жүргізушілерінің ереже бұзуынан 390 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Онда 33 адам қаза тауып, тағы 461-і жарақат алған. Велосипедшілердің кінәсінен – 169, шағын электр көлік құралдарын басқарушыларының кесірінен – 97, электрсамокат қатысуымен 47 жол-көлік оқиғасы болған. Осы апаттарда 329 кәмелетке толмаған бала зардап шегіп, 10 бала қаза тапқан. Сонымен бірге мұндай көлік құралдарын пайдаланушылардың өздері де зардап шегуде. 145 электросамокат, 82 мопед жүргізушісін, 52 шағын электр көлік құралын басқарушыларды көлік қаққан. Салдарынан төрт адам қаза тауып, 300-ге жуық адам түрлі жарақат алған. Бас прокуратура жолдағы қауіпсіздікті сақтауға шақырады.