АИ-95 пен АИ-98 бензинінің сапасына қатысты тексеру басталды

Фото: depositphotos.com

Қазақстанда АИ-95 және АИ-98 маркалы бензин сапасына қатысты шағымдардан кейін тексеру басталды. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

Министрдің айтуынша, отын сапасына қатысты талаптардың бұзылған-бұзылмағанын анықтау үшін оның орынбасары Павлодарға жіберілген. Ол Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасарымен бірге Павлодар мұнай-химия зауытында тексеру жүргізіп жатыр.

Министрдің мәліметінше, тексеру барысында мамандар отын сапасын зерттеп, тиісті сынамалар алып жатыр. Павлодар мұнай-химия зауыты «ҚазМұнайГаз» компаниясына тиесілі және мотор отынын өндіреді.

Сонымен қатар министр бензиннің жаңа партиялары жолда екенін хабарлады.

Бірнеше күн ғана күту қажет. Бензиннің жаңа партиялары қазір жолда, атап айтқанда, Атырау мұнай өңдеу зауытынан да жеткізіледі. Біз қысқа мерзім ішінде тиісті сапаны қамтамасыз етеміз, – деді министр.

Ерлан Ақкенженов мәселенің нақты себебі әзірге анықталмағанын атап өтті. Оның болжамынша, мотор отынын өндіру барысында белгілі бір іркіліс болуы мүмкін. Алайда жанармай құю станциялары желілері мәселені мұнай өңдеу зауытына, ал зауыт өз кезегінде АЗС желілеріне сілтеп отыр.

Министр барлық тараптың уәждері тексеріліп, нақты қорытынды жасалатынын айтты. Оның сөзінше, жағдай министрліктің бақылауында.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: