Қазақстандық жүргізуші куәлігі Қытайда жарамды болуы мүмкін

Фото: depositphotos.com

Қазақстан мен Қытай азаматтарына жүргізуші куәліктерін өзара тану және алмасу мүмкіндігі берілуі мүмкін. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі әзірлеген Үкімет қаулысының жобасында жазылған, деп хабарлайды «24KZ».

Құжатқа сәйкес, екі ел арасында жүргізуші куәліктерін өзара тану және алмасу туралы келісімге қол қою жоспарланып отыр. Бастама Қазақстан мен Қытай аумағында уақытша немесе тұрақты жүрген азаматтарға әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге бағытталған.

Келісімді іске асыру қайта оқудан өтпестен және емтихан тапсырмастан жүргізуші куәліктерін алмасуға мүмкіндік береді, – делінген құжатта.

Бұл ретте куәлікті алмастыру рәсімі алмасу жүргізілетін елдің заңнамасы сақталған жағдайда жүзеге асырылады. Сондай-ақ екі мемлекеттің құзырлы органдары арасында тиісті өзара іс-қимыл тетігі құрылмақ.
Құжатта бастама көліктік, туристік және іскерлік байланыстарды дамытуға ықпал ететіні көрсетілген. Жүргізуші куәліктерін өзара тану және алмасудың тұрақты механизмі екі ел азаматтары үшін әкімшілік рәсімдерді қысқартуға мүмкіндік береді.

Қаулы жобасын Ішкі істер министрлігі әзірлеген. Келісім оған қол қойылып, тараптар қажетті ішкі мемлекеттік рәсімдерді аяқтап, құжат күшіне енгеннен кейін іске асырылады.
Жобаны қабылдау әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық тұрғыда теріс салдарға әкелмейді деп күтілуде.
Қаулы жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды. Қоғамдық талқылау 30 тамызға дейін жалғасады.


«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: