Екі жылдық еңбек: астаналық қолөнерші Димаштың алып портретін тоқып шықты

Фото: жеке мұрағатынан

Астаналық қолөнерші Жадыра Қабдоллақызы Димаш Құдайбергеннің көлемі 1,5×2 метр болатын портретін тоқыды. Ерекше туындыны жасауға екі жылдан астам уақыт кеткен. Шебер портретті әншіге жеке өз қолымен табыстағысы келеді, деп хабарлайды «24KZ».

Жадыра Қабдоллақызы тоқыма өнерін анасы үйреткенін айтады. Бала кезінде үйренген өнеріне кейін бірнеше жыл бойы қайта оралмаған. Қолөнермен кәсіби түрде айналысуына қызының денсаулығына байланысты жағдай себеп болған.

Қызым жиі ауыра бастаған соң, оған шаң-тозаңға аллергиясы бар деген диагноз қойылды. Үйдегі шаң жинауы мүмкін заттардың барлығынан арылу керек болды. Олардың арасында кілем де бар еді. Қазақ үшін төсенішсіз, кілемсіз тұрмысты елестете алмадым. Сондықтан кілем тоқуды қолға алдым, – деді қолөнерші.

Алғашында шебер тапсырыспен шағын кілемдер тоқи бастаған. Кейін нарық пен сұранысты зерттеп, қазақы ою-өрнекпен безендірілген, дәстүрлі текемет пен сырмақтың үлгісін тоқымаға енгізген. Әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы бұйымдарының ерекшелігін таныстырып, тапсырыстары көбейген.

Қазір Жадыра Қабдоллақызының жанында бірнеше тоқымашы жұмыс істейді. Сонымен қатар ол тоқыма өнерінен курс өткізіп, әлемнің әр түкпірінен 500-ден астам шәкірт оқытып келеді.
Ал Димаштың портретін жасау идеясы шебердің шығармашылық ізденісінен туған. Бұған дейін Мэрилин Монроның портретін тоқыған ол қазақтың танымал тұлғаларының бірін бейнелеуді ойлаған. Бірнеше нұсқаны қарастырып жүргенде Димаштың концертіне барған.

«Абай, Ыбырай, Жамбыл, Махамбет сияқты тұлғаларды тоқысам ба деп ойладым. Бірақ барлық жастағы адамдардың қызығушылығын тудыратын, халық сүйіктісі болған адамды іздедім. Димаштың концертінде болғанымда, ойым бір жерге тоғысты. Ол – өнеріміздің жаршысы, халықтың мақтанышы», – деді Жадыра Қабдоллақызы.

Алайда портретті жасауға бірден кірісе алмаған. Шебер Димаштың жүздеген суретін қарап, қажетті бейнені таңдап, арнайы сызба әзірлеген. Портреттің көлемі де жұмысқа үлкен жауапкершілік жүктеген.

Тоқудан немесе портреттің көлемінен қорықпадым. Ең үлкен қорқынышым – Димашқа ұқсамай қалуы, оның көркі мен жан сұлулығын жеткізе алмауым болды, – деді ол.

Шебер портретті тоқуды Түркияға отбасымен барған екі айлық сапары кезінде бастаған. Елдің алты қаласын аралап жүріп, тоқыма құралдарын өзімен бірге алып жүрген. Кейін үйге оралған соң туындыға күмәнданып, жұмысты тағы біраз уақытқа тоқтатқан.

Жадыра Қабдоллақызының айтуынша, портреттің өзін тоқуға шамамен 1,5-2 ай уақыт кеткен. Алайда идеядан бастап материал таңдау, сызба әзірлеу және жұмысты аяқтауға дейінгі бүкіл шығармашылық үдеріске екі жылдан астам уақыт жұмсалған.

Қазір туынды дайын. Қолөнерші портретті Димаш Құдайбергенге жеке өзі табыстауды жоспарлап отыр.

Портретті өз қолыммен Димаштың өзіне немесе жанұясына табыстағым келеді. Бұл мен үшін еңбегімнің ең үлкен нәтижесі, алғысым болар еді, – деді қолөнерші.


«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: