Димаштың жаңа челленджіне қатысып, бейнебаянға түсуге болады

Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген өзінің жаңа «AQERKE» әніне арналған челлендж басталғанын жариялады, деп хабарлайды «24KZ».

Бұл туралы өнер иесі Instagram парақшасында мәлім етті.

Байқау шарты бойынша қатысушылар «AQERKE» әнінің арнайы таңдалған үзіндісіне видео түсіріп, би билеп, әнді бірге орындап немесе өз шығармашылық идеяларын жүзеге асыра алады. Челлендж 1 тамызға дейін жалғасады.

Димаш жанкүйерлерін белсенді қатысуға шақырып, жеңімпазға ерекше мүмкіндік қарастырылғанын айтты.

Бейнежазбасы ең көп қаралым жинаған қатысушы жеңімпаз, әрі менің келесі бейнебаяныма түсу мүмкіндігіне ие болады, – деді әнші.

Челленджге жеке орындаушылар да, би ұжымдары да қатыса алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жеңімпаз жаңа бейнебаянның кейіпкерлерінің біріне айналады.

Байқау шарттарына сәйкес, видеоның ұзақтығы 1 минуттан аспауы тиіс. Қатысушылар өз жұмыстарын TikTok және Instagram платформаларында жариялап, #DimashAqerkeChallenge хэштегін қолдануы қажет. Сондай-ақ жазбаның астына «I’m joining #DimashAqerkeChallenge» деген пікір қалдыру сұралады.

Еске салайық, жақында Ақтөбеде «AQERKE» әнінің бейнебаяны түсірілді. Түсірілімнен кейін Димаш Құдайберген оған қатысқан тұрғындарға алғысын білдіріп, болашақта Ақтөбеде үлкен концерт өткізуді мақсат ететінін жеткізді.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз