ТШО: қазақстандық қамту үлесі артты
«Теңізшевройл» өз жобаларында қазақстандық үлестің артқанын мәлімдеді. Дегенмен қоғамда бұл көрсеткіштердің астарында нақты не тұрғанына қатысты күдік пен сауал көп.
Отандық сарапшылар мен кәсіпкерлердің айтуынша, ірі жер қойнауын пайдаланушылардың жеткізу тізбегіне ену әлі де оңай болмай тұр. Кедергілер қатарында қымбат сертификаттау мен көлеңкелі тендер бар.
Қазақстандық бизнес ондаған жыл бойы мұнай-газ саласынан өз орнын табуға тырысып келеді. Бұл мәселе ең ірі операторлардың, оның ішінде «Теңізшевройлдың» жобаларында ерекше өткір сезіледі. Отандық бизнес үшін тапсырыстарға қол жеткізу шарттары әлі де тым күрделі. Іс жүзінде кәсіпкерлер бірқатар кедергіге тап болады. Соның алғашқысы — сертификаттау.
Рашид Жақсылықов, Мұнай сервистік компаниялар одағы президиумының төрағасы:
- Олар кез келген тауардың сертификатталғанын қалайды. Тіпті қарапайым каска немесе сүлгінің өзін өз елінде – Англияда немесе Америкада сертификаттауды талап етеді. Ал тауарды сертификаттау өте қымбат. Яғни біз бизнестің өндіріс ашуға немесе сертификаттауға қаржы салатынын түсінеміз. Егер кәсіпкер 10 түрлі тауар өндіретін болса, әр тауардың әр түрі жеке-жеке сертификатталуы керек. Бір ғана сертификаттауға кемінде 250 мың доллар жұмсалады. Қарапайым арифметика: 2,5 млн доллар. Оның үстіне сертификаттау Астанада немесе жақын жерде жүргізілмейді. Ол жаққа үнемі ұшып баруға тура келеді.
Жеткізушілерді іріктеу рәсімдеріне де қатысты сұрақ бар. Сарапшылардың айтуынша, формалды талаптар отандық компаниялар өте алмайтын жасанды кедергіге айналуы мүмкін.
Гүзел Таипова, «Қазақстанның мұнайы және газы» журналының бас редакторы, мұнай-газ саласының сарапшысы:
- Егер ірі оператор қандай да бір компаниямен жұмыс істегісі келмесе, ол компанияның белгілі бір сүзгілерден өтпеуі үшін қолданатын құралдары өте көп. Біріншіден, тендерлік рәсімдердің өзі ашық емес. Неліктен бір компания таңдалды, ал екіншісі таңдалмады. Оны көру мүмкін емес.
Тағы бір сүзгі бар. Мысалы, олар келісімшарттың құнын бірнеше млн долларға жеткізеді. Әрине, мұндай ауқымды жұмысты қазақстандық компаниялардың орындауға шамасы жетпейді. Ал шын мәнінде, олар сол жұмыстың белгілі бір бөлігін өте жақсы атқара алар еді. «Теңізшевройл» компаниясының біздің сауалымызға берген жазбаша жауабында сатып алулардағы қазақстандық қамту үлесі 70 пайыздан асқаны айтылған. Компания бұл көрсеткішті ең жоғары көрсеткіштердің бірі деп отыр.
ТШО-ның жазбаша жауабынан:
- 2025 жылдың қорытындысы бойынша ТШО 71% деңгейінде тауарлар, жұмыстар мен қызметтер бойынша қазақстандық қамтудың ең жоғары көрсеткіштерінің біріне қол жеткізді. Сонымен қатар барлық үш санат бойынша нысаналы көрсеткіштерден асып түсті: тауарлар – 15%, жұмыстар – 76%, қызметтер – 88%. ТШО-да елішілік құндылықты дамытудың ұзақ мерзімді стратегиялық бағдарламасы әзірленді. Бұл бағдарлама алдағы бес жылда қазақстандық қамтуды қамтамасыз етудің негізіне айналды. Атап айтқанда, компания жергілікті өндірушілерді қолдауды күшейтуге бағытталған корпоративтік процестерді енгізіп жатыр. Сондай-ақ қолайлы шартты жеңілдіктерді қолданамыз, бұл жергілікті компаниялардың қатысу мүмкіндігін арттырады. Сонымен қатар білікті жеткізушілер жеткілікті болған жағдайда, біз тек жергілікті компаниялар арасында тендерлер ұйымдастырамыз. Біз жергілікті жеткізушілерді қаржылық бағалауға икемді тәсілді қолданамыз.
Қазақстандық бизнестің бұл жағдайға берген бағасы басқаша. Кейбір кәсіпкерлердің айтуынша, тіпті өндірісті жолға қойып, мұнай-газ операторларының тендеріне қатысуға дайындалуға қаржы салғанның өзінде, тапсырысқа қол жеткізу мүмкін болмай қалуы ықтимал.
Гүзел Таипова, «Қазақстанның мұнайы және газы» журналының бас редакторы, мұнай-газ саласының сарапшысы:
- Мен ірі операторлардың бірінен белгілі бір жұмыс көлемін алу үшін қомақты несие алып, өндірісін кеңейтіп, осы тендерге арнайы дайындалған компанияларды білемін. Алайда кейін олар тендерге шақырылмаған. Арнайы осы жоба үшін бірнеше млн доллар несие алған, жалпы жақсы жұмыс істеп келген қазақстандық компания өте қиын жағдайға тап болды. Шын мәнінде, мұндай жағдайлар өте көп.
Қазір болып жатқан пікір қайшылықтары аясында қазақстандық қамту жай ғана экономикалық көрсеткіш болудан қалып барады. Өйткені оның артында нақты ақша, несиелер, құрал-жабдықтар мен жұмыс орындары тұр. Отандық өндірушінің талаптарға сай болуымен қатар, іс жүзінде жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болуына кім жауапты?
Рашид Жақсылықов, мұнай сервистік компаниялар одағы президиумының төрағасы:
- Мұнда кінәліні іздеудің қажеті жоқ. Операторлар-инвесторлар, мемлекет және бизнес арасында диалог орнату керек. Үшеуі де жиналып, пікірталас жүргізуі қажет. Пікірталас жүргізіп, ортақ мәмілеге келу керек. Операторлар бастапқыда жасалған өнімді бөлісу туралы келісімге сілтеме жасайды. Яғни бұл келісімнің мерзімі аяқталмайынша, біз бір мәселені қайта-қайта айта береміз. Ал басқа мәселе — келісім мерзімін ұзартатын кезде олармен 35-40 жыл бойы қалыптасқан өзара іс-қимыл тәжірибесіне сүйенуіміз керек. Тауарларға қатысты біз бір нәрсені нақты айтуымыз қажет: сертификаттау мәселесін өз мойындарыңызға алыңыздар. Бұл өндірістің дамуына жауапкершілік болуы керек.
Мұнай-газ операторлары өз есебінде әдемі цифрларды келтіреді. Алайда мемлекет үшін маңыздысы — нақты нәтиже. Осы сатып алулардың арқасында қанша қазақстандық компания шынымен өсті? Қанша жаңа өндіріс іске қосылды? Қазір ел ішінде күрделі өнімнің қанша түрі өндіріледі? «Сондықтан дәл қазір ірі жер қойнауын пайдаланушылардың алдағы жұмыс шарттары талқыланып жатқан кезде, қазақстандық қамтуды дамыту мәселесі әдемі көрсеткіштер деңгейінен нақты міндеттемелер деңгейіне көшуі тиіс», - дейді сала сарапшылары.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Рауан Қалыбаев, Асхат Қаракойшиев