Жамбыл облысының құмды алқабынан 600 келіге жуық есірткі табылды

фото: gov.kz

Тұрар Рысқұлов ауданы, Қонаев ауылының шамамен 10 шақырым жеріндегі құмды алқапта полицейлер есірткі құрамдас өсімдіктерді аса ірі мөлшерде заңсыз жинаумен айналысты деген күдікпен үш ер адамды ұстады, деп хабарлайды 24KZ.

Операция облыс прокуратурасының үйлестіруімен «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жүргізілді. Оған Ішкі істер министрлігі мен облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшелерінің қызметкерлері, Ұлттық ұланның 5513 әскери бөлімінің «Бүркіт» арнайы мақсаттағы жасағының әскери қызметшілері және кинолог-инспектор қатысты.

Іздеу жұмыстарына Letta есімді қызметтік-іздестіру иті де тартылған.

Алдын ала мәлімет бойынша, ұсталғандар аса ірі мөлшерде құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз жинаумен айналысқан. Құмды алқапты тексеру барысында полицейлер 595 келі 440 грамм есірткі заттары мен құрамында есірткі бар өсімдіктерді анықтап, тәркіледі.

Оқиға орнынан өсімдіктерді жинауға пайдаланылуы мүмкін үш орақ алынды.

Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды. Үш күдіктінің барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сондай-ақ оқыңыз: